Қайрат Сиражиденұлы: Экология – ел ертеңі үшін маңызды

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қайрат Сиражиденұлы: Экология – ел ертеңі үшін маңызды
ашық дереккөз

Әлемде қоршаған ортаның тазалығы мен ластануына қатысты түрлі индекстер жасалады. Йель университетінің экологиялық саясат және құқық орталығының екі жылда бір жасайтын The Environmental Performance Index рейтингінде Қазақстан 101-орынды иеленді. Бұл рейтингке әлемнің 180 мемлекеті қатысқан. Рейтингтің көш басында Швейцария тұр. Ондықты Финляндия түйіндейді.

Қоршаған ортаның ластану деңгейіне қатысты рейтингте 25-орындамыз. Pollution Index for Country деп аталатын рейтингке 102 мемлекет қатысқан. Соңғы орында Финляндия тұр. Бірақ бұл индексте соңғы орындарда қалу мәртебе саналады. Өйткені бұл дегеніңіз ластану көрсеткіші төмен елдер дегенді білдіреді.

Экологиялық таза елдердің ондығына Азия, Африка, Оңтүстік және Солтүстік Америка, Аустралия құрлықтарынан бірде-бір мемлекет кірмеген.

Не себепті Еуропа елдері экологиялық жағынан жоғары дамыған? Себебі олар қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын түсініп, тиісті шаралар қолдануда. Төменде мақтауға тұрарлық бірнеше эко жаңалықтар көрсетілген:

Чехия елінің дүкендерінде босаған шампунь немесе гель ыдыстарын қайта толтыруға болатын құрылғылар орнатылған. Бұл – пластик бөтелкелерді қайта сатып алмас үшін таптырмас идея.

Күншығыс елі Жапонияда Kitkat шоколад компаниясы пластиктен бас тартып, оларды қағаз орамаларға алмастырды.

Бәрімізге таныс Adidas фирмасы бір жыл ішінде қайта өңделген пластиктен 11 миллион аяқ киім шығарады. 1 жұп аяқ киімге 11 пластикалық бөтелке қолданылады.

Бір жыл ішінде 56 миллион кофе капсулалары қоқысқа тасталады. Velosophy стартапы Nespresso кофесінің капсулаларынан велосипед жасайды.

Еуропалық студент крахмал мен судан тұратын арзан әрі мықты пластик ойлап шығарды. 2 айда шіритін бұл пластик түрінен ыдыстар мен пакеттер жасауға болады.

Бельгия дүкендерінде пластик бөтелкелерді қолданбау үшін өзіңізге керекті мөлшерде қатқан сусабын немесе сабынның бөлігін кесіп алсаңыз болады.

Әрине, бұл идеяларды біздің елімізде де қолдануға болады. Бәрі – уақыт еншісінде. Дегенмен бүгінгі таңда елімізде ғана емес, сондай-ақ өзім қызмет ететін мектепте де түрлі эко-челлендждер, акциялар мен экологиялық бағыттағы жұмыстардың саны күн санап артуда. Жастарымыздың бүгініне емес, келер ұрпақтың салауатты өміріне алаңдауы – өркениетіміздің даму көрінісі.

Қайрат СИРАЖИДЕНҰЛЫ

Әлкей Марғұлан атындағы

№40 мектеп-лицейі директорының

тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары