Қазақстандық ғалымдар мысыққа арналған коронавирусқа қарсы вакцина ойлап тапты
"Rейбір үй жануарлары, атап айтқанда, мысықтар ковид инфекциясын тез жұқтырады және вирустың мутацияға ұшырауына әсерін тигізіп жатады", – дейді Қазақ ұлттық аграрлық университеті жанындағы халықаралық вакцинология орталығының директоры Қайсар Табынов.
Оның айтуынша, NARUVAX-C19 (pets) вакцинасы мысықтарда жан-жақты сыналған, нәтижесінде оның SARS-COV-2 вирусынан қорғауға қабілетті екені анықталған.
"Осы вакцинаның көмегімен біз жануарлар әлемін COVID-19-дан қорғай аламыз деп үміттенеміз. Ауыл шаруашылығы министрлігі осы ұмтылысымызды қолдайтыны қуантады", – дейді Қайсар Табынов.
Ғалым сонымен қатар жануарларға арналған коронавирустық вакцина құрамы бойынша адамдарға арналған вакцинадан мүлдем өзгеше екенін атап өтті.
"Бұл мүлдем басқа вакцина, атап айтқанда оның адъюванты – антигенге иммундық реакцияны күшейтетін компонент", – дейді ол.
Айта кету керек, мысықтарға арналған вакцинаны жасау үшін ҚазҰАУ жанындағы ХМО және ДСМ аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының ғалымдары еңбек еткен. Басқа елдерде де жануарларға арналған COVID-19 вакциналары жасалуда. Мұны ірі фармацевтикалық компаниялар өндіреді.