Зорлық-зомбылыққа қатысты тек заңнамалық шаралар жеткіліксіз – Споткай
Заң бұзған, қылмыс жасаған кез келген азамат тиісті жазасын алатынын, ал жәбірленуші мемлекет пен қоғам оны қорғайтынына сенімді болуы керек. Бұл туралы Парламент Сенаты аппаратының басшысы, ҚХА мүшесі Максим Споткай айтты, деп хабарлады Elorda.info.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстар үшін жауапкершілікті қатаңдату жөнінде елеулі қадамдар жасалды. Алайда отбасының шырқын бұзып, зорлық-зомбылық жасағандардың 10%-ы ғана жауапқа тартылады. Себебі жәбірленушілердің басым көпшілігі өтінішін қайтарып алады немесе медиация арқылы татуласады. Осылайша құқық бұзған азамат жауапкершіліктен сытылып шыға келеді.
Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанның негізгі құндылығы – Заң мен тәртіп екенін нақты атап өтті. Президент қалыптасқан жағдайға алаңдаушылық білдірді және көшедегі мәдениетсіздіктен бастап төбелеске, ұрлық пен кісі өліміне дейінгі барлық құқық бұзушылықтарға қатысты ымырасыздықтың маңыздылығын атап өтті.Тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм, дөрекілік, бұзақылық – мұның бәрімен тек мемлекет пен құқық қорғау органдары ғана емес, бүкіл қоғам болып, әрқайсымыз күресуіміз керек.
Сенат Парламент функциясын атқару кезеңінде ҚК мен ӘҚБтК-ге тиісті түзетулер қабылдаған болатын. Заңнамадағы өзгерістер қылмыскерді жәбірленушіден оқшаулау үшін оны тұтқындауға мүмкіндік берді, сонымен қатар орташа зиян келтіргені үшін 3 жылға дейін және ауыр қылмыс үшін 10 жылға дейін жауапкершілік күшейтілді. Жәбірленушінің өтініші болмаса да зорлық-зомбылық фактілері бойынша қылмыстық іс қозғауға мүмкіндік беретін түзетулер қабылданды.Тараптарды қайта татуластыру мүмкіндігі алынып тасталды. Яғни мұндай қылмыс үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша елеулі қадамдар жасалды, - деді Максим Споткай.
Оның айтуынша, мұның барлығы заң мен тәртіпке бағынатын мемлекет болу бағытында жасалып жатқан нақты қадам. Алайда, тек заңнамалық шаралардың жеткіліксіз екені ақиқат. Ең бастысы – қоғамда мүлде төзбеушілік қағидасы қалыптасуы керек.