Шұбаркөл кен орнынан көмірді заңсыз сатқан биржа басшыларына іздеу жарияланды

Бүгін, 12:14
Торғын Аман Торғын Аман
Шұбаркөл кен орнынан көмірді заңсыз сатқан биржа басшыларына іздеу жарияланды
фото; ҚМА

Қаржылық мониторинг агенттігі «Modern Trading Solutions» тауарлық биржасының заңсыз қызметін тоқтатты. Оның басшылығы биржалық сауданың негізгі қағидаларын бұзып, Шұбаркөл кен орнынан көмірді тек заңсыз материалдық сыйақы төлеген тұлғаларға сатқан, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Modern Trading Solutions» тауар биржасының басшылығы 23 брокерлік компанияны туыстары мен сенімді тұлғаларының атына тіркеп, өздерінің жұмысын көмір саудасына тек ақшалай сыйақы беретін адамдарды жіберетіндей етіп ұйымдастырған.

«Аккредитация мерзімін созып, келісімшартқа қол қоймау, саудаға қолжетімділігін шектеу және олардың нәтижелерін жою арқылы кәсіпкерлерге саудаға қатысуына жол бермеген. Аталмыш жағдай әсіресе жылыту маусымы алдында көптеген арыз-шағымдар мен әлеуметтік шиеленіске әкеліп соқтырған. Қылмыстық топтың жыл сайынғы кірісі 2 миллиард теңгеден асқан», - делінген ведомство таратқан ақпаратта.

Агенттіктің хабарлауынша, оны өздеріне қарасты компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.

Сауда биржасының 3 басшысына қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды, ал тағы біреуіне осындай шарамен қатар  іздеу жарияланды.

Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес басқа ақпарат жария етуге жатпайды.