00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Әрбір науқас үшін Аллаға сыйынып, жәрдем сұраймын – Ербол Махамбетов

27 қаңтар, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Әрбір науқас үшін Аллаға сыйынып, жәрдем сұраймын – Ербол Махамбетов
Фото: Ербол Махамбетов жеке мұрағатынан

Астанадағы нейрохирургия орталығының меңгерушісі, білікті дәрігер Ербол Махамбетов отандық медицина медицина туралы айтты, деп хабарлады Elorda.info.

Өзіңіз қызмет ететін нейрохирургия орталығында қандай жаңа технологияларлар енгізіліп жатыр?

Астанадағы нейрохирургия орталығы 2008 жылы ашылды, сол уақыттан бері ми мен жұлын ауруларын емдеу бойынша 70-тен астам инновациялық технологиялар енгізілді. Оның 20-ға жуығы біздің бөлімшеде енгізіліп, науқастарды емдеудің жаңа кезеңі басталды. Бұған дейін Қазақстанда мұндай технологиялар болмағанын атап өткім келеді. 

Сонымен қатар соңғы 2 жылда гамма-пышақпен емдеу технологиясын қолдана бастадық. Бұл мидағы ісікті, мидың қан тамырлары мен функционалдық ауруларды емдеуде қолданылатын сәулелік тәсіл. Бұл тәсіл тек ерекше жағдайларда ғана қолданылады. Мысалы ісік мидың терең қабатында орналасса, тікелей хирургиялық ота жасау қауіпті болғанда гамма пышақты пайдаланамыз. Сондай-ақ, бұл әдеттегі нейрохирургиялық ота жасау қауіпті болып саналатын артериовеноздық мальформация, артериовеноздық фистула, каверноздық ангиома, тригеминальды невралгия сияқты ауруларды емдеуге қажетті әдіс. 

4444.jpg

- Нейрохирургия Ұлттық орталығында жасалатын оталардың ішінде ең ұзақ  болатын оталар сіздің бөлімшеде жасалады екен. Соңғы уақытта жасалған осындай күрделі оталардың бірін атап өтсеңіз.

- Ия, бұл рас, ұзақ уақыт жасалатын оталардың дені біздің бөлімшенің үлесінде. Кейде бірнеше бригада ауысып жасайтын кездер де  болады. Мәселен жақында Талдықорғаннан келген 53 жастағы науқасқа осындай күрделі ота жасалды. Ол инсульттың салдарынан көру нервінің атрофиясына ұшыраған. Бір көзі мүлдем көрмейді, ал екінші көзі небәрі 30%-ға көретін болған. Біздің Тамырлы және функционалды нейрохирургия бөлімшесінің дәрігерлері бұл дерттің шешімін тауып, үлкен күрделі ота жасады. 15 сағатқа созылған отаның нәтижесінде науқастың көз жанары жақсарып, көру қабілеті қалпына келе бастады.

Қазақстанның нейрохирургия саласы қазір қандай деңгейде? 

Бүгінгі таңда Қазақстанда нейрохирургия саласы жоғары деңгейде деп айта аламыз. Біздің нейрохирургия орталығымыз әлемдегі озық орталықтармен тең. Соңғы 15 жылда біздің дәрігерлердің шетелдік клиникаларда біліктілігін арттыруы мен әлемдік деңгейдегі дәрігерлердің орталығымызға келуінің нәтижесінде бүгінгі көрсеткішке жеттік. 

Одан кейін емдеудің озық тәсілдері еліміздегі өзге де нейрохирургиялық орталықтарда енгізіле бастады. Яғни қалалар мен облыс орталықтарындағы нейрохирургия бөлімшелерінде жаңа технология мен қажетті жабдықтар пациенттер үшін  қолжетімді. Сонымен қатар біздің дәрігерлердің Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің қаржылық гранттарына қатысып, ғылыми зерттеумен айналысуға мүмкіндігі бар. Бұл зерттеу жұмыстарына жас мамандарды тартуға және жұмыс қорытындысын рейтингі жоғары ғылыми басылымдарда жариялап, беделді халықаралық конференцияларда ұсынуға жол ашады. 

55.jpg

Бұрын тек шетелге баруға мәжбүр болатын, ал қазір өзімізде жасалатын ота түрлері қандай? Жылына шамамен қанша осындай күрделі ота жасалады? 

Біраз уақыттан бері біздің бөлімшеде, жалпы елімізде күрделі оталар жасалатын болды. Соның нәтижесінде азаматтарымыз бұрынғыдай ота жасату үшін шетелге барып, уақыты мен қаржысын шығындамайды. Біздің бөлімшеде жұлын және ми аурулары кезінде жасалатын эндоваскулярлық оталардың барлық түрлері жасалады. Атап өтерлігі, бас сүйегіне трепанация жасамай, тамырдың шетінен арнайы құралды енгіземіз. Бұған қоса қозғалыс-тірек аурулары бойынша, мысалы Паркинсон ауруын, эпилепсияны емдеу үшін оталар бұрынғыдай шетелде емес өзімізде  жасалады. 

Біздің бөлімшенің өзінде жылына мыңға жуық әртүрлі ота жасалады, олардың 300-ден астамында жоғары технологиялық әдістемелер қолданылады. 

Қазақстанда нейрохирургиялық көмекті дамыту бойынша әлі де атқарылар жұмыстар көп. Қазір азаматтарымыздың тарапынан біздегі медициналық көмекке сын айтылып жатады. Дегенмен Қазақстанда нейрохирургиялық көмек, оның ішінде жоғары технологиялық оталардың қолжетімді екендігіне назар аударғым келеді. Әрі біздің ел бұл жағынан кейбір алдыңғы қатарлы деп саналатын мемлекеттерден озық тұр. Инновациялық әдіс-тәсілдердің біразы бар және онымен жұмыс істеп жатырмыз. Дегенмен медицинада жаңа әдістердің жыл сайын пайда болмайтынын ескеруіміз керек. Әрбір жаңалықты идеядан бастап оны қолданысқа енгізгенге дейін бірнеше жылдар өтуі мүмкін. 

Ұлттық орталықта мидың артериовеноздық мальформациясы деген сирек кездесетін дертке ота жасалады екен.  Осы туралы кеңірек айтып берсеңіз?

Артериовеноздық мальформация дегенді қарапайым тілмен айтсақ, бұл мидың тамыр желісінің дұрыс қалыптаспауы. Осы тамыр желісінің тұйықталуынан адамның басы ауырады, ұстамасы ұстайды, тіпті миға қан құйылуы мүмкін. Нейрохирург осындай диагноз қойылған әр пациентті емдеу тәсілін және ота жасауға негіз бар-жоқтығын анықтауы қажет. Орталықта мұндай сырқатты емдеудің үш тәсілі ұсынылады.  Олар микрохиругиялық ота, эндоваскулярлық эмболизация және сәулелік терапия, яғни гамма пышақ. Кей жағдайда дәрігер түрлі факторларды ескеріп, ота жасауды ұсынбайды. Оған пациенттің жасы, денсаулық жағдайы мен басқа да көрсеткіштер әсер етуі мүмкін. 

Отаның ешқандай асқынуларсыз, сәтті өтуі үшін алдымен нені ескеру керек және хирург отаны бастамай тұрып қандай әрекеттер жасайды?

Кез келген ота, тіпті күнде жасап жүрген ота болса да толыққанды дайындықты қажет етеді. Күрделі оталарды алдын-ала талқылап, әрбір кезеңіне дейін жоспарлаймыз. Сырттай бір қарағанда хирург ота жасауға автоматты түрде кірісетін сияқты көрінуі мүмкін. Жылдар бойы жасалатын жұмыс болғандықтан белгілі бір алгоритм қалыптасады. Бірақ әр ота алдында науқас үшін Аллаға сыйынып, жәрдем сұраймын. Бұған қоса отаның сәтті өтуіне дәрігердің біліктілі мен технологияның жаңалығы әсер етеді.

«Қолы алтын» дәрігер атану үшін қандай қасиет болуы керек?

Әрбір шеберлік пен машықтану тек үнемі түрде жасалатын және оны күнделікті тәжірибеде қолданатын әрекет арқылы келеді. Қандай да бір жаңа, тың дүниені игеру үшін 5 мың сағат уақытыңды жұмсасаң сол істің кәсіби маманы болып шығуға болады деген пікір бар. Нейрохирургиялық ота деген қолөнер. Нейрохирург аурудың түрлері, оның қалай өтетіні, анатомияның қалыпты жағдайы және ауру пайда болғанда онда болатын өзгерістер туралы жетік білуі керек. Нейрохирургиядағы озық технологиялармен, жетістіктермен таныс болу да дәрігер үшін маңызы зор. Сол үшін өз мамандығы бойынша білім ресурстарын үнемі қарап, вебинарлар, конференцияларға қатысып, саладағы кәсіби мамандармен тәжірибе алмасу керек деп санаймын. 

Сіз жақында «Жақсы адам-2023» арнайы сыйлығымен марапатталдыңыз. Сонда табысталған жүлдеңіз 1 млн теңгені қайырымдылыққа жұмсаған екенсіз. Мұндай шешім қабылдауға қандай жағдай әсер етті? 

Нейрохирургиядағы ұзақ жылғы еңбегімнің арқасында сұранысқа ие маман болу мүмкіндігім бар. Баспанам бар, дастарханда тұрған жейтін асым бар. Аллаға шүкір денсаулығым жақсы, күш-қуатым бар. Бірақ айналамызда, қоғамда белгілі бір материалдық көмекке мұқтаж жандар бар екенін ұмытпауымыз керек. Онкологиялық аурумен ауырып жүрген балалар осыларға жатады. Бұл өмірде алуды ғана емес, беру мен бөлісу де ұмытпағанымыз абзал. 

-Сұқбатыңызға рахмет.