Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу басталды (ВИДЕО)

1 маусым, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу басталды (ВИДЕО)
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бүгіннен бастап Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеуге қатысу үшінp pkrezerv.gov.kz сайтында құжаттарды қабылдау басталды. Құжаттар 30 маусымға дейін қабылданады, деп хабарлады Elordainfo.kz.


Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және кемінде 5 жыл еңбек өтілі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.

Іріктеу келесі бағыттар бойынша жүргізіледі:

• Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам;

• Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты;

• Экономикалық және қаржылық саясат;

• Цифрландыру;

• Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау;

• Сыртқы саясат және инвестициялар.

Тіркеу кезінде кандидат Резервке алынған жағдайда еңбек қызметін жүзеге асырғысы келетін салалық бағытты таңдауы керек. Әрбір салалық бағыт үшін Резервке алу квотасы көзделеді. Бұл ретте, кандидаттардың әр бағыт бойынша біркелкі санын ұстап тұру мақсатында Резервке іріктеудің барлық кезеңдерінде пропорционалды іріктеу қамтамасыз етіледі.

Іріктеу 6 кезең бойынша өткізіледі:

• Кандидаттардың құжаттарын қабылдау;

• Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау;

• Ситуациялық тапсырмаларды шешу;

• Құзыреттерді бағалау;

• Сарапшылық комиссияда кандидаттармен әңгімелесу;

• Ұлттық комиссияның отырысы.

Іріктеу қорытындысы бойынша 50 адам резервке қабылданады. Резервке алу туралы шешімді жариялау осы жылдың 25 қазанынан кейін жоспарлануда.