00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жаңа президенті сайланды

21 шілде, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының жаңа президенті сайланды
фото: Сұлтан Сейіт

Бүгін Астанада Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының кезектен тыс құрылтайы өтті. Құрылтайға қоғамдық бірлестіктің төралқа және орталық кеңес мүшелері, Қазақстанның барлық аймағынан келген делегаттар мен елге танымал тіл жанашырлары, тілші ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты, деп хабарлады Elorda.info.

 Құрылтайда «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының» жаңа президенті сайланып, ұйымның алдағы жұмыс жоспары талқыланды. Ұйым президенті, қоғам қайраткері, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының өткен кезеңдегі қызметі туралы баяндама жасады.

общ зал.jpg

Берік Әбдіғалиұлы 2021 жылдың 26 қарашасында Түркістанда өткен қоғамның VI құрылтайында президенті болып сайланды. Бұл аралықта бірлестік Астана қалалық филиалының бастамасымен «Қазақ тілі мен мәдениеті» форумын өткізді. 1986 жылғы қасіретті оқиғаларға байланысты «Желтоқсан» деп аталатын кітап басып шығарды. «Алтын қыран»компаниясының демеушілігмен музыка сүйер ортада танымал «Spotify» қызметінің қолданба мәзірі мен интерфейсі қазақ тіліне аударылды. Сондай-ақ, қоғамдық бірлестіктің филиалдар саны 135-ке дейін көбейіп, қоғамның бас кеңсесі Астана қаласына көшірілді. Қазақтілді тұтынушылардың қызмет алу құқығын қорғау мақсатында »Көрнекі» жобасы іске қосылды. Жоба кәсіпкерлік нысандардың тілге қатысты заңнаманы қатаң сақтауына ықпал етіп жатыр. Одан бөлек, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ұйымдастыруымен  «Народные восстания в Казахстане в 1920-1930-е годы. Монография в документах» кітабы баспаға дайындалды.

 

Берік Әбдіғалиұлы өзінің мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты қоғамдық бірлестік басшылығына Bilim Media Group компаниясының басшысы, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының директоры Рауан Кенжеханұлының кандидатурасын ұсынды. Құрылтай делегаттарының ашық дауыс беруімен Рауан Кенжеханұлы «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті болып сайланды.

Сондай-ақ, құрылтай делегаттарының ұсынысы бойынша Халықаралық «Қазақ тілі»қоғамының орталық кеңесі мен басқарма құрамы жаңартылып, толықтырылды. 

зал 3.jpg

Атап айтқанда, орталық кеңес және басқарма құрамына ҚР цифрлы даму және аэроғарыш өнеркәсібінің министрі Бағдат Мусин, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің басқарма төрағасы Дихан Қамзабекұлы, Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, кәсіпкер-меценат, TAS Group компаниясының басшысы Дулат Тастекеевтер кірді.

жана.jpg

Жаңадан сайланған қоғам президенті білім беру саласындағы қазақ тілін оқыту сапасы, оқу сауаттылығын көтеру, қазақ тілінің кәсіпкерліктегі, ақпараттық технологиялардағы қолданыс аясын кеңейту, көпшілікке, соның ішінде балаларға қажетті қазақ тілді мазмұнды арттыру, тілді үйренуге және білігін жетілдіруге нитетті ортаға арналған көпшілік жобалар, қазақ тіліндегі мазмұнды цифрлы форматқа көшіру мәселелеріне ерекше ден қоя отырып, қоғам мүшелерімен бірге жұмыс істейтінін айтты. Аталған міндеттерді іске асыруға қажетті ғылыми-әдістемелік, ұйымдастырушылық және ақпараттық шаралар мен жобалар кешені дайындалады.

Айта кетейік, «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» ҚБ 1989 жылы 22 қыркүйекте құрылған. Ол қазақ тілін дамытуға ынталы тіл жанашырларын біріктіретін Қазақстандағы ең ірі қоғамдық ұйым. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі қолданыс аясын кеңейту, беделін арттыру, қазақ мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын насихаттау, тілді қолдану мен оны үйретуде жаңа технологиялық әдістерді пайдалану бағыттарында қызмет атқарады.