00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Ерлан Дәкенов: Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыру халқымыздың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді

2 қыркүйек, 2024
Торғын Аман Торғын Аман
Ерлан Дәкенов: Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыру халқымыздың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді
фото: Ерлан Дәкеновтің жеке мұрағатынан

Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің алдағы уақыттағы даму бағыты мен жүзеге асырылуы тиіс нақты міндеттер көрсетілген. Осы тапсырмаларды орындауға барлығымыз бірдей атсалысуымыз қажет. Е.Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармониясының директоры, елордалық мәслихаттың депутаты Ерлан Дәкенов осындай пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталған Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты 9 басым бағытты айқындап берді. Оларды жүзеге асыру халқымыздың әл-ауқатын арттырып, барлық сала бойынша даму көрсеткіштерінің артуына ықпал ететіні анық.

«Жолдауда Мемлекет басшысы 2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек екенін айтты. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Қазір бұл көрсеткіш 7 пайыз шамасында. Яғни алдағы 5  жыл ішінде көрсеткіш екі есеге артуы тиіс. Оны орындау барысында инвестиция тартылып, бизнеске қолдау көрсетіліп, соның нәтижесінде азаматтардың тұрмыс-тіршілігі айтарлықтай жақсарады. Сол үшін Жолдауда көрсетілген міндеттерді  орындауға барлығымыз атсалысуымыз қажет», - деді депутат.

Сонымен қатар ол Жолдауда заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құру қажеттілігі айтылғанына тоқталды.

«Президент біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс екеніне басты назар аударды. Бұл – бүкіл қоғамның және әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза және Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз. Осы стратегиялық мақсатымызға жету үшін еліміздің бейбіт өмір сүруіне және тұрақты дамуына қолайлы сыртқы жағдай қалыптастыруымыз қажет. Жалпы Жолдауда қоғамның даму бағытына қатысты стратегиялық мәселелер кеңінен қамтылған», - деп қорытындылады Ерлан Дәкенов.