Елімізде ауыр қылмыстар саны төмендеді
![Зарина Сәрсенбайқызы](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Елімізде ауыр қылмыстар саны төмендеді](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/17391696303612560.webp)
Ішкі істер министрі Ержан Саденов соңғы жылдары қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде ахуалдың едәуір жақсарғанын атап өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Министрдің сөзінше, қылмыс деңгейі 102 мыңға дейін, яғни 11%-ға төмендеді.
«2023 жылмен салыстырғанда 2024 жылы 12 700 қылмысқа аз тіркелді.90-жылдарды қарайтын болсақ, ол кезде қылмыс саны 200 мыңнан асатын. Бірақ біз мұнымен тоқтамаймыз. Нөлдік межеге жетуді мақсат етіп отырмыз», - деді министр.
Тәуелсіздік жылдары ішінде қылмыс деңгейі айтарлықтай төмендегені байқалады. Статистикалық деректер осы тенденцияны растап, криминогендік жағдайдағы елеулі өзгерістерді көрсетіп отыр. Төмендеу ауыр қылмыстар, оның ішінде тонау, ұрлық, зорлау және адам өлтіру сияқты қылмыстарға да қатысты. Мысалы, 1997 жылы адам өлтірудің 2594 фактісі тіркелсе, өткен жылы 565 факті болды.
Атыс қаруын қолдану арқылы жасалған қылмыстар қоғам қауіпсіздігіне ерекше қауіп тудырады. Егер 30 жыл бұрын бір жыл ішінде тіркелген осындай қылмыс саны 1,5 мыңға жетіп отырса, былтыр бұл көрсеткіш 118-ге дейін төмендеді. Топтасып жасалған қылмыстар бойынша да оң динамика байқалады. 1992 жылы Қазақстанда 18928 осындай қылмыс тіркелсе, 1994 жылы олардың саны 24712-ге жеткен. Бұл кезең құқық қорғау органдары үшін ең қиын уақыттардың бірі болды. Қылмыстық топтар белсенді әрекет етіп, оларға қарсы күрес көп күш талап етті.
Алайда соңғы жылдары олардың саны айтарлықтай азайды. 2024 жылы топпен жасалған қылмыстар саны 5588-ді құрап, 4,5 есе төмендеді. Сонымен қатар министр қылмыс түрлерінің өзгергенін және заманауи технологияларға бейімделгенін атап өтті.
«Алаяқтық кең таралуда. Бұл барлық қылмыстардың 42%-ын құрайды. Адамдар пайда табуды көздеп, күмәнді инвестициялар мен пирамидаларға ақша салады. Негізгі себептер — халықтың қаржылық сауаттылығының төмендігі және азаматтардың полицияға кеш хабарласуы. Бұл көптеген елдерге тән құбылыс», - деді ішкі істер министрі.
Ержан Саденов министрлік осы қауіппен белсенді күресіп, алдын алу шараларын жақсарту және халықтың киберқылмыстар бойынша хабардарлығын арттыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ отырыста Қоғамдық кеңестің атқарған жұмысы қаралды. Қазіргі құрамдағы кеңес үш жыл бойы жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде ішкі істер органдарының қызметін жақсарту бойынша көптеген маңызды қадамдар жасалды.
Айта кету керек, жалпы құқық қорғау органдары мен азаматтық қоғамның өзара әрекеттесуі елде қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық тәртібін нығайтуда шешуші рөл атқарады.
![Қазақстандықтардың орташа табысы қанша](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173918691528194753.webp)
![Қазақстанда тендер өткізу мерзімі 10 күнге дейін қысқартылды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173916548520885556.webp)
![Қазақстандықтар бір жылда 304 миллиард теңге айыппұл төлеген](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173916786732695624.webp)
![Жетісу облысында «Damumed»-тен пациенттердің жеке деректерін ұрлағандар сотталды](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2025/02/173916503828999178.webp)