00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елімізде АЭС үшін кадр даярлау тәжірибесі бар – ғылыми қызметкер

Елімізде АЭС үшін кадр даярлау тәжірибесі бар – ғылыми қызметкер
Фото: жасанды интеллект

Бүгінде әлемде 32 атом электр станциясы жұмыс істеп тұр. Тағы 19 мемлекет АЭС салуды жоспарлап отыр. Ал біздің елімізде АЭС құрылысы бойынша референдум 6 қазанда өтпек. Сәйкесінше қазір қоғамда АЭС туралы сан түрлі пікір талқыланып жатыр. Оның бірі- атом энергетикасы саласында кадр дайындау мәселесі. Elordainfo.kz тілшісі Ядролық физика институтының жетекші ғылыми қызметкері Данияр Жансейітовпен байланысқа шығып,  елімізде АЭС салынған жағдайда оның толық жұмыс істеуі үшін қанша маман қажет екенін анықтады.

Ядролық физика институты 1957 жылы Қаныш Сәтбаевтың қолдауымен Алматы төнірегінде ашылған. 67 жылдық тарихы бар ғылыми мекемеде 700-ден астам маман жұмыс істейді. Оның ішінде 10 пайызға жуығы физика-математика ғылымдарының кандидаттары мен докторлары.

«Институт іргелі және қолданбалы зерттеулерді жүзеге асыратын, атом саласындағы кадрларды даярлайтын Қазақстандағы жалғыз орталық. Қазақстанда қолданатын радиофармпрепараттардың 85 пайызы біздің институтта өндіріледі. Сонымен қатар атом саласында ғылыми зерттеу жұмыстары жасалады»,- дейді Данияр Жансейітов.

Ғылыми қызметкердің айтуынша, институт еліміздегі бірқатар университтермен ынтымақтастықта жұмыс істейді. Сәйкесінше атом саласында мамандар орталықта тәжірибеден өтеді.

«Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Астанадағы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Өскемендегі екі университетпен тығыз жұмыс істейміз. Мысалы ҚҰУ студенттері ядролық физика және ядролық энергетика, жалпы атом энергетикасы мамандықтары бойынша оқудың практикалық бөлігін біздің орталықта шыңдайды. Оларға ядролық технологиялармен қалай жұмыс істеу керектігі толық түсіндіріледі»,- дейді Д.Жансейітов.

2023 жылдың қазан айында Ядролық физика институты мен Франциядағы I2EN халықаралық ядролық физика институты арасында кадрлар даярлау туралы Меморандумға қол қойылды.

«Институт әлемнің 30 жетекші ғылыми ұйымдарымен және университтермен тығыз қарым-қатынас жасайды. Мәселен былтыр Франциядағы халықаралық ядролық физика институтымен меморандум жасадық. Ол институтта атом саласындағы ең қажетті кадрларды даярланады. Былтыр біздің мамандар Францияға барып, біліктіліктерін арттырып келді. Айта кетейік, Францияда 56 атом электр станциясы жұмыс істеп тұр. Онда 100 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Болашақта елімізде АЭС салынып жатса, білікті институтпен бірлесіп, қажетті мамандарды даярлай аламыз»,- ол.

Данияр Жансейітовтің айтуынша, елімізде атом саласында білікті мамандар жетіспейді деген мәселе туындамайды.

«Қазір егер АЭС салынатын болса алдымен оған сәйкес білікті мамандар керек деп айтып жатыр. Иә, бұл дұрыс пайымдау. Бірақ, біздің елде кадр бойынша қиындықтар болмайды. Өйткені қазір елімізде 3 ядролық реактор жұмыс істеп тұр. Оларда 400-ге жуық білікті маман жұмыс істеп жатыр. Сондықтан Қазақстан атом саласына қажет мамандарды өзі даярлай алады»,- дейді ғылыми қызметкер.

Қазіргі таңда Франция, Оңтүстік Корея, Ресей және Қытай АЭС-ті бірлесе салуға ықылас танытып отыр.

«Бүгінде құрылысқа ниет білдіріп отырған 4 компания ұсынып отырған реакторлардың жұмыс істеу режимі бір-біріне ұқсас. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мұндай реакторларда шамамен 2 мыңға жуық адам жұмыс істеу керек. Оның ішінде 400 адам жоғары білікті, яғни атом мен физика саласындағы жоғары білікті маман болу қажет. Ал қалған 1600 адам олар техникалық білікті персоналдар. Бірақ оларға да қойылатын талап жоғары болмақ»,- деді ол.

Ғылыми қызметкер халықтық референдум нәтижесі оң шешіліп жатса, АЭС құрылысы 10-12 жылға созылатынын айтты.

«Шетелдік мамандар АЭС салу кезінде, яғни құрылыс барысында келуі мүмкін. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, АЭС 10-12 жыл салынуы мүмкін. Сол кезде құрылысқа 8-10 мыңға жуық маман тартылады.  АЭС салынғаннан кейін 60-70 жыл жұмыс істейді. Сирек кездесетін мамандықты игерген жандар шетелден шақырылуы мүмкін. Оны қазір нақты айта алмаймыз. Себебі әлі елімізде АЭС салу бойынша мәселе нақты шешілмеді. Салынатын болса бұл жағдай шетелдік құрылыс компанияларының шартына байланысты болады»,- деп түсіндірді Данияр Жансейітов.