Бейнебақылау камерасын зақымдағандарға жаза күшейді


2024 жылдың шілде айынан бастап Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне 428-1-бап енгізілді. Жаңа норма түзеу мекемелеріндегі бейнебақылау камераларын қасақана істен шығарғаны немесе зақымдағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырады. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Аталған өзгеріс еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде тәулік бойы бейнебақылау жүйесінің кеңінен енгізілуімен және бұл камераларға әдейі зақым келтіру жағдайларының жиілеуімен байланысты қабылданған.
Жаңа бап күшіне енген алғашқы жылдың ішінде осындай 70-тен астам құқықбұзушылық тіркелді. Соның ішінде 35 сотталғанға қосымша жаза мерзімі тағайындалып, келтірілген шығын азаматтық тәртіппен өндіруге шешім шығарылды.
Мәселен, Шымкент қаласындағы №55 мекемесінде 13 сотталған адам бейнебақылау жүйесін әдейі бұзғаны үшін әрқайсысы қосымша 6 жыл мерзімге сотталған.
Қазіргі таңда еліміздегі 78 түзеу мекемесінде 43 мыңнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Бұл жүйелер нақты уақыт режимінде ҚАЖ комитетіне, Ішкі істер министрлігіне және прокуратура органдарына тікелей көрсетілім жүргізеді.
Бейнебақылау жүйесі:
сотталғандар мен қызметкерлер арасындағы тәртіпті арттыруға,
құқықбұзушылықтарды жедел анықтауға,
адам құқықтарының сақталуын бақылауға мүмкіндік береді.
ҚАЖ комитетінің мәліметінше, ҚК-тің 428-1-бабы бойынша құқықбұзушылықтар саны азая бастаған. Бұл бейнебақылау жүйесінің тиімділігін көрсетіп қана қоймай, қымбат техникалық құралдардың сақталуына және бюджет қаражатын үнемдеуге де оң ықпал етіп отыр.
Айта кетейік, Ақтөбеде жазасын өтеуші түрме ішіндегі бейнебақылау камерасын сындырып, қайта сотталды.



