Бүгін – әдебиет сыншысы Зейнолла Серікқалиұлының туған күні

10 ақпан, 2025
Ғани Атымтай Ғани Атымтай
Бүгін – әдебиет сыншысы Зейнолла Серікқалиұлының туған күні
Фото: adebiportal.kz

Бүгін – (1938-2004) әдебиет сыншысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Зейнолла Серікқалиұлының туған күні, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ол Атырау облысының Құрманғазы ауданында туған. Қазақ мемлекеттік университетін және Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының аспирантурасын бітірген.

«Пионер», «Жұлдыз» журналдарында, Қазақстан Жазушылар одағында, қазіргі «Егемен Қазақстан» газетінде, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында жауапты қызметтер атқарған. Қазақ мемлекеттік университетінің арнаулы курстарын жүргізген. «Қазақстан» баспасының, Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитетінің бас редакторы, Қазақстан Республикасы Парламентінің бөлім меңгерушісі болып істеген.

2001 жылдан «Раритет» баспа компаниясының бас редакторы болған.

Ғалымның жарық көрген негізгі ғылыми-зерттеу, сын кітаптарында қазақ әдебиеті, көркемөнері, мәдениеті мәселелері, ғылыми және көркемдік дүниетаным ерекшеліктері талданған. Жекелеген мақалалары неміс, татар, орыс, түрік тілдерінде жарық көрген. Р. Ролланның «14 шілде», А. Штейннің «Толас», Н. Мирошниченко мен Э. Бобровтың «Қара маржан» пьесаларын, В.Короленконың әңгімелерін аударған, көптомдық «Өнердің ықшам тарихын», «Мәдениет және өнер» сөздігі терминдерін қазақ тіліне аударушылардың бірі болған.