Астанада инклюзивті спорт орталығының құрылысы басталды


Бүгін Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Сенат төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының басшысы Мәулен Әшімбаевпен бірге инклюзивті спорт орталығының іргетасын қалау рәсіміне қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Бұл әлеуметтік маңызды нысан – бірегей жоба. Мұнда мүгедектігі бар спортшылар тек жаттығып, жарыстарға дайындалып, оңалтудан өтіп қана қоймай, өзара араласып, бір-біріне қолдау көрсете алады.
«Инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымға ерекше көңіл бөле отырып, елордамызды дамытуды ары қарай жалғастырамыз. Сонымен, қалада тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын, әлеуметтік нысандарды – мектептер, мемлекеттік балабақшалар, Оқушылар сарайлары, қолжетімді жеңілдетілген тұрғын үйлер, медицина, спорт нысандарын және т.б. саламыз», - деп жазды Ж.Қасымбек.
Инклюзивті спорт орталығында бочча, арбадағы футбол мен баскетбол, үстел теннисін, голбол, отырып ойнау волейболын, бейімделгіш пионербол және т.б. ойнауға арналған залдар жабдықталады. Сол сияқты орталықта мүгедек балалар мен ересектерге арналған дене шынықтыру-спорттық, оңалту қызметтері көрсетілетін болады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін жағдай жасау бойынша жүйелі жұмыс жүргіземіз. Балабақшалар мен мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттерін ашамыз, оңалту орталықтарының желісін кеңейтеміз, инватакси санын арттырамыз, жаңа қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды, жаяу жүргіншілер тротуарлары мен жолдарды абаттандыру кезінде алдымен адамдардың барлық санатының қызығушылығын ескереміз», - деді елорда әкімі.



