Астана өңірлік кадр резерві: үздік кадрлық қор

28 наурыз, 2025
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Астана өңірлік кадр резерві: үздік кадрлық қор
фото: Оңалхан Өнерхан

Мемлекеттік қызметтің сапасын арттыру мен оның тиімділігін қамтамасыз ету – Қазақстан Республикасының стратегиялық мақсаттарының бірі. Осыған орай, мемлекет басшысы Қ. Тоқаевпен бекітілген мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы кәсіби кадрлық резервті қалыптастыру мен жетілдіруді көздейді. 

2024 жылдың жазында елордамызда мемлекеттік қызмет жүйесін жаңа деңгейге көтеруді мақсат еткен Астана қаласының өңірлік кадр резерві құрылды. Бұл бастама мемлекеттік қызметке жаңа леп әкеліп, білікті мамандардың қызметке орналасу мүмкіндіктерін кеңейтеді деп күтілуде. 

Тұжырымдамаға сәйкес, өңірлік кадр резервінің басты мақсаты – «өңірлік деңгейдегі топ-менеджерлерге лайықты бәсекелестік қалыптастыру» және «перспективалы мамандардың мемлекеттік қызметке тартылуын арттыру» болып белгіленген. «Өңірлік кадр резерві әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің басқарушылық қабілеттерін дамытуға бағытталып, аймақтық деңгейде білікті кадрлардың жаңа буынын қалыптастырады. Бұл шара жергілікті атқарушы органдардың тиімділігін арттыруға ықпал етеді», – делінген құжатта.

Елордадағы мемлекеттік қызметтің ерекшелігі – жоғары қарқын, стратегиялық шешімдер қабылдау қабілеті және инновациялық басқару тәсілдері. Өңірлік кадр резервіне енгізілген мамандардың басым көпшілігінің заманауи басқару дағдылары, аналитикалық ойлауы, стратегиялық көзқарасы және халықпен тиімді қарым-қатынас орнату қабілеті биік деңгейде.

Аталмыш резерв үлкен үмітпен құрылған, үздіктерді іріктеп, олардың кәсіби дамуына жағдай жасайтын стратегиялық жоба. Мемлекеттік қызметке талантты мамандарды тарту – ел дамуы үшін аса маңызды. Сондықтан резервті тиімді пайдалану мәселесі мемлекеттік органдардың басты назарында болуы тиіс. 

Мемлекеттік қызмет жүйесін реформалаудағы кез келген бастама оның нақты нәтижелерімен өлшенуі тиіс. Осыған орай, жоғарыда аталған тұжырымдаманың қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де орындалуын қамтамасыз ету – мемлекеттік органдардың басты міндеті.

Бұл жоба мемлекеттік басқарудағы жаңа дәуірдің басталуына жол ашар қадам.

 

Қазақстан Республикасы 

Мемлекеттік қызмет істері 

агенттігінің Астана қаласы 

бойынша департаменті