00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

«Жеңіс» жобасы арқылы ардагерлерге әрқашан көңіл бөлінеді – ерікті

31 наурыз, 2023
Айман Нығмет Айман Нығмет
«Жеңіс» жобасы арқылы ардагерлерге әрқашан көңіл бөлінеді – ерікті
ашық дереккөз

Елімізде «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры ІІ дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне көмек көрсету бойынша «Жеңіс» әлеуметтік-қайырымдылық жобасын іске асырып жатыр. Бұл бастама негізінде елімізде еріктілерден құрылған топ көмекке мұқтаж ардагерлердің халін біліп, қажет жағдайда көмектесуде. Түркістан облысы Қазығұрт ауданында да игі жоба әлі де жалғасып келеді, деп хабарлады Elorda.info тілшісі.

Бүгінде Түркістан облысында ІІ дүниежүзілік соғысына қатысушылар мен мүгедектеріне теңестірілгендер саны 154 болса, 5 мыңнан астам тыл еңбеккері бар.  Облыстағы соғыс ардагерлерінің басым бөлігі – Қазығұрт ауданының тумасы. Бұл аймақта 100 жастан асқан 4 майдангер тұрады. Ауданда осыдан 35 жыл бұрын құрылған Ардагерлер ұйымы бар. Ұйымның негізгі мақсаты – қарт адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ, материалдық және моральдық тұрғыдан қолдау білдіру. Қарттар қоғамдық мәселеден өзге, мемлекеттің саяси-қоғамдық өміріне де белсене араласып жүр. 

Ал «Жеңіс» жобасы Қазығұртта 2018 жылы басталды. Аудан еріктілері ардагерлерге үйін күтіп ұстауға, ағаш-көмірін кіргізуге, қажетті дәрі-дәрмек немесе азық-түлігін әкеліп беруге көмектесіп келеді.

«Жеңіс» жобасының жетекшісі 33 жастағы Сардор Исманов мектеп жасындағы ерікті жастардың ардагерлермен кездесуі оларға үлкендердің ақыл-кеңесін тыңдауға мүмкіндік беретінін айтты.

Бастапқыда жобаға жетекшілік етуге ұсыныс түскенде, күнделікті жұмыстан бөлек ардагерлермен көрісіп және оларға көмектесу үшін бірден келістім. Кейде біз ардагер жандарды тек Жеңіс күні ғана еске алып, сол күні көмектесеміз. Ал бұл жоба қарияларға қажеттілігіне қарай жиі барып, жағдайларын біліп отыруды көздейді. «Жеңіс» жобасы шеңберінде мектеп жасындағы еріктілермен жұмыс істеп келемін. Қазығұрт ауданында 25-тен аса ерікті бар. Олар – 12-16 жас аралығындағы жасөспірім ұл-қыздар. Олардың бос уақыты пайдалы өткенін қалаймын. Себебі мектеп оқушылары сабақ уақытынан кейін әлеуметтік желілерде уақыт өткізеді, - дейді жоба жетекшісі Сардор Исманов.

Сұхбаттасу барысында жоба жетекшісі кейбір жалғысбасты қариялар үйінде қажетті үй жабдықтары жоқ екенін жеткізді. Еріктілер «Жеңіс» жобасы аясында қажетті қаражат жинауға тырысады. Кейде жеке кәсіпкерлер де көмектеседі. Жоба жетекшісі Сардор Исманов – Қазығұрт ауданында ағылшын тіліні мұғалімі және оның «Жалынды жастар» атты қоғамдық бірлестігі де бар.

Аудан жастарын қолдау мақсатында құрылған бірлестік  жастарға оқуға түсу, еріктілік сияқты пайдалы жұмыстармен айналысуын көздейді. Шетелге оқуға түсетін кезде еріктілік жұмысы туралы сұрайды. Өзге елдерде қоғамдық іс-шараларға қатысу маңызды болып есептеледі. Мен аудан жастарына осы бағытта көмектескім келеді, - дейді Сардор Исманов.

Соғыс ардагерлеріне әрқашан көңіл бөлуді көздейтін жоба әр өңірде жалғасын тауып келеді. Оларға ата-әжесіндей қарайтын еріктілердің қатары көбейсе, ғұмыры қиындықпен өткен қариялар үшін бақыт іспеттес. Қазығұрттық еріктілер ардагерлерге көмек қолын созып, олардың ақ батасын алуды жалғастыра береді. 

Айта кетейік, «Жеңіс» жобасының аясында қадірлі қариялар Қазақстанда ғана емес барлық ТМД елдерінде пойызбен тегін сапарлай алады. Билетті ресімдеу үшін теміржол кассаларына барып, өзімен бірге ҰОС-қа қатысушының немесе мүгедектік туралы жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасы мен куәлігі, ал тыл еңбеккерлеріне арнайы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау туралы белгісі бар зейнеткерлік куәлігін ұсынуы қажет.