Жапонияда дүниежүзілік EXPO 2025 Osaka көрмесі басталды


Осака қаласында 158 ел мен 9 халықаралық ұйымды біріктірген ауқымды халықаралық оқиға – Дүниежүзілік EXPO 2025 көрмесі басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Көрме 2025 жылғы 13 сәуір мен 13 қазан аралығында өтеді. Іс-шараны өткізу үшін жасанды Юмешима аралы таңдалды. Көрменің басты тақырыбы — «Біздің өміріміз үшін болашақ қоғамын құру». Ол үш бағыт арқылы ашылады: «Өмірді құтқару», «Мүмкіндіктерді кеңейту» және «Өмірді біріктіру».
Көрменің ресми рәсіміне Жапония императоры Нарухито мен премьер-министр Сигэру Исиба қатысты. Қазақстан делегациясын Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев басқарды.
Ұлттық павильон Оңтүстік Корея, Германия, Люксембург, Непал, Әзірбайжан, Иран, Монако және Түркия сияқты елдердің павильондарына жақын орналасқан «Өмірді біріктіру» тақырыптық кластерінде орын алды.
EXPO 2025 көрмесіндегі Қазақстан павильоны – бұл цифрлық ғалам, онда жаңа технологиялар елдің мәдениеті, тарихы мен болашағына жолдама болады. Шаңырақ символына негізделген тұжырымдама интерактивті аймақтарды біріктіреді: көп қырлы мұраны ашатын 3D мэппингтен бастап, келушілердің жүздері біртұтас визуалды кенепке біріктірілген иммерсивті проекциялық шоуға дейін. Экспозицияның әрбір элементі – Қазақстанның экология, туризм, инновация және тұрақты даму саласындағы әлеуетін зерттеуге тартатын қонақпен диалог іспеттес.
Елдің инвестициялық және экономикалық әлеуетін көрсетуге ерекше назар аударылды: негізгі салалар, табиғи ресурстар, туристік және инновациялық әлеует, сондай-ақ «жасыл» энергетика және тұрақты даму саласындағы жетістіктер ұсынылды. Павильон диалог, мәдени алмасу және жаһандық деңгейде жаңа серіктестіктер орнату үшін заманауи алаңға айналуға арналған.
Павильонда ағзаларды трансплантациялау және оқшауланған мүшелерді емдеу саласындағы жаңалық – ALEM (Astana life Ex-situ Machine) инновациялық құрылғысы ұсынылған. Жетекші қазақстандық медициналық зерттеушілер мен инженерлер әзірлеген ALEM донорлық органдарды оқшауланған мүшеде қажетті араласулар мен мақсатты емдеу жүргізу мүмкіндігімен 24 сағаттан артық сақтауға мүмкіндік береді. Бұл жаңалық регенеративті медицинада өмірді құтқару мүмкіндіктерін кеңейтетін жаңа дәуірді белгілейді.
Қазақ халқының дәстүрі мен қонақжайлылық мәдениетіне сай ашылу күні павильонымызда ұлттық тағамдар ұсынылды.
EXPO көрмелері жетістіктерді ұсыну мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар халықаралық байланыстарды нығайту, экономикалық және мәдени диалогты дамыту үшін маңызды алаң болып табылады.