Енді қазақстандықтар Мароккоға визасыз бара алады
26 қыркүйекте өткен БҰҰ Бас Ассамблеясының 79-сессиясы аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен Марокко Корольдігінің Сыртқы істер, Африка ынтымақтастығы және шетелдегі марокколықтардың министрі Насер Бурит арасында кездесу өтті, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Келіссөздер нәтижесінде тараптар Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Марокко Корольдігінің Үкіметі арасындағы ұлттық /жалпы төлқұжаттардың иелерін визалық талаптардан босату туралы келісімге қол қойды. Құжат екі ел азаматтарының сапарларын жеңілдетуге және екіжақты қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған.
Келісім Қазақстан мен Марокко азаматтарын жарамды ұлттық/жалпы төлқұжат негізінде бір-бірінің аумағына кіру, шығу, транзит және уақытша болу үшін визалық талаптардан босатуды көздейді.
Басқа елдің аумағында болу кіру күнінен бастап 180 күндік әрбір кезеңде 30 күнтізбелік күннен аспауы керек. Ал бір елдің азаматы екінші елдің аумағында ұзақ бір уақыт саяхаттап, білім алып, жұмыс істеп, кәсіпкерлікпен айналысуды жоспарлап барса, қабылдаушы мемлекеттің дипломатиялық өкілдіктерінен немесе консулдық мекемелерінен тиісті виза алуы қажет.
Келісім тараптардың қажетті рәсімдерді орындағаны туралы жазбаша хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде күшіне енеді.