АҚШ Түркияға қарсы заң қабылдағалы жатыр


Fox News хабарлауынша, мұндағы мақсат "АҚШ-тың жауы саналатын елдермен байланыс жасайтын Түркияны тосқауылдап ұстауға талаптану". Өйткені Ресей мен Беларусьті қоспағанда, Еуропа мен Еуразияның басқа елдері бұған дейін АҚШ-тың серіктестері саналып келді. Енді Трамп тізгіндеген Вашингтон Анкараны "АҚШ пен НАТО одақтастарынан алыстап бара жатқан мемлекет" деп есептейді.
"Түркияның дипломатиялық қайта құрылуы туралы заң" деп аталған бастама Түркия республикасын АҚШ Мемлекеттік департаментінің (бізше Сыртқы істер министрлігінің) Еуропа мен Еуразия істері жөніндегі бюросының құзырынан алып тастап, оны Таяу Шығыс істері жөніндегі бюроға ауыстыруды қарастырады. Бұл Үкімет ХАМАС содырларын жасырып отыр. Экономикалық одақтастық арқылы Путиннің әскери машинасына қолдау көрсетеді. Сонымен бірге, Батыс одақтасынан артықшылық талап етуін жалғастыра отырып, НАТО-ның бірлігіне кедергі келтіреді. Америкалық дипломатия көзбояушылық жасауын доғарып, Түркияны бұрынғыдай Еуропаның бір бөлігі деп санауын қоюы керек", – деді жобаны Конгресс қарауына енгізген топты басқаратын конгрессмен Брэд Шнайдер.
Бұл ұстанымға Түркия Үкіметі наразылығын білдірді және түріктің сыртқы саясаты мен еуропалық бағдарын Конгресс мүшелерінің дұрыс түсінбей отырғанына нұсқады.
Айта кету керек, қазіргі кезде Түркия – НАТО-ның АҚШ-тан кейінгі ең қуатты мүшесі. Тек ядролық қаруы жоқ демесеңіз, армиясы, қару-жарағының, әскери техникасының, кемелерінің көлемі, сондай-ақ әлемнің әр елінде соғыс жүргізу тәжірибесі жөнінен НАТО-да Америкадан басқа бірде бір ел оның алдына түсе алмайды.
"Түркия еуропашылдыққа шын берілген және бұл дау тудырмайтын тарихи, геостратегиялық факт болып табылады! НАТО-ның, сондай-ақ Еуропа Кеңесінің, ЕҚЫҰ-ның қуатты мүшесі, Еуропалық Одақтың қауымдасқан мүшесі бола отырып, Түркия еуропалық институционалдық шеңбердің ажырамас бөлшегі саналады. Ол осы институттар ұсынатын әмбебап құндылықтарды қорғайды", – деді Fox News Digital-ға Түркияның АҚШ-тағы елшілігінің өкілі.