Exit-poll нәтижесі: Лукашенко сайлаушылардың 87,6% даусын жинады


Exit-poll нәтижелері бойынша Беларусь президенті сайлауында Александр Лукашенко 87,6% дауыс жинады, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
"БелТА" порталы Exit-poll мәліметтеріне сүйеніп сауалнама 320 сайлау учаскесінде өткізілгенін, оған 11 948 адам қатысқанын жазған.
Президенттікке үміткер Сергей Сыранков 2,7%, Олег Гайдукевич – 1,8%, Анна Канопацкая – 1,6%, Александр Хижняк – 1,2% дауыс жинаған. Ал "бәріне қарсы" дауыс бергендер саны 5,1% болды.
Беларусьтегі сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша 20:00-де (Мәскеу уақытымен сәйкес) жабылды. Республика Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, 18:00-ге дейінгі сайлаушылардың келуі 81,5% болған. Ең жоғары белсенділік Могилев облысында тіркеліп, ол 89,05%-ға жеткен.
Еске салсақ, бұған дейін Орталық сайлау комиссиясы 5325 сайлау учаскесі ашылып, олар таңғы 08:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейтінін мәлімдеді. Мәліметтерге сенсек, дауыс берушілер саны 6 900 504. Олардың ішінде 88 мыңнан астам азамат алғаш рет дауыс бермек. 2025 жылғы сайлауға дейін 21-25 қаңтар аралығында азаматтардың 41,81 пайызы алдын ала дауыс беріп үлгерген.