Ұлыбританияның жаңа Премьер-министрі сайлаусыз тағайындалады
Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі Риши Сунак жалпы сайлаусыз тағайындалатын болды, деп хабарлады Elorda.info.
ВВС таратқан мәліметтерге сәйкес, Парламентте басымдыққа ие Консервативтік партияның жаңа көшбасшысы Сунак Ұлыбританияның келесі Премьер-министрі болады.
Оның қарсыластары Пенни Мордонт пен Борис Джонсон жақтастарының жеткілікті дауысын жинай алмағандықтан өз кандидатураларын алып тастаған.
Белгілі болғандай, Риши Сунак бүгіннен бастап Премьер-министр қызметіне Чарльз ІІІ патшаның ресми қабылдауынан соң кіріседі.
Ал бұрынғы премьер Лиз Трасс министрлер кабинеті мүшелерімен кездесу өткізген соң резиденциямен қош айтысады.
42 жастағы Риши Сунак Ұлыбритания тарихындағы соңғы 200 жылдағы ең жас Премьер-министр және шыққан тегі үнділік алғашқы Үкімет басшысы ретінде көзге түсіп отыр.
Сунак Оксфорд университетін тәмамдаған және Стэнфордта магистр дәрежесін алған.