Ерлі-зайыптылар адамдарды азаптап, артынша құрбандыққа шалған
Үндістанның Керала штатында полицейлер адамдарды азаптап, құрбандық шалу рәсімін өткізді деген күдікпен үш тұрғынды ұстады, деп хабарлады Elorda.info.
ВВС-дің жазуынша, қаскөйлердің құрбандары 57 және 49 жастағы екі әйел болған.
Адамды құрбандыққа шалу күдігімен ұсталғандардың екеуі ерлі-зайыпты Бхагавал Сингх пен Лейла, ал үшіншісі олардың таныстары – «аюрведтік емші» Мохаммад Шафи көрінеді.
Полиция мәліметінше, құрбандарын өлтірмес бұрын оларды аяусыз азаптаған. Тұтқындалған соң күдіктілер қылмыстарын мойындапты.
Коччи қаласының полиция комиссарының сөзінше, ұсталғандар рәсімді «ақша табу үшін» өткізген. Қазір полиция олардың жауаптарына қатысты тексеріс жүргізіп жатыр.
Тергеу мәліметінше, айыпталушылар Коччи қаласында лотерея билеттерін сатқан құрбандарын ақша беретіндерін айтып, алдап шақырған. Алдымен олардың бастарын кесіп, кейін денелерін де бөлшектеп тастаған.
Әйел мәйітінің бөлшектері Сингхтің үйінің маңынан 11 қазанда қазып алынды. Марқұмдарды туыстары тани алмағандықтан, қалдықтары ДНҚ сараптамасына жолданды.
Полиция өлген әйелдің телефонындағы қоңырауларды тексеріп, оған бірнеше рет Шафи есімді азаматтың қоңырау шалғанын анықтады. Қазір ол күдіктілердің қатарына қосылған. Полиция Сингхпен сөйлескен Шафидің де қоңырауларын тексерген. Тәртіп сақшылары Сингхті тергеген кезде ол барлығын мойындаған.
Мұның біртүрлі іс екенін мойындау керек. Қазір біз кісі өлімдері нақты қай кезде болғанын және өзге де құрбандардың бар-жоғын тексеріп жатырмыз, – деді инспектор Пракаш.
Тергеу кезінде Сингх пен оның әйелі және Шафидің тағы бір әйелді өлтіргені белгілі болды.