Өнертапқыш әйелдер: Wi-Fi-ды кім ойлап тапты (ФОТО)
Стефани Кволек – АҚШ-тың дарынды химигі. Ол болат, құрыштан да бірнеше есеге мықты кевлар материалын жасап шығарған. Мықтылығымен қатар, ол жеңіл, имекті әрі арзан. Қазіргі уақытта әлем елдері оны көптеген өндіріс саласында қолданады. Кевларды негізінен шаңғы, ұшақ, өрт сөндірушілерге арналған бәтіңке және оқ өтпейтін кеудеше жасау өндірістерінде пайдаланады. Өзінің өнертабысымен Стефани Кволек мыңдаған адамның өмірін құтқарды десе де болады. Өнертапқыштың арқасында DuPont компаниясы бірнеше миллион долларға табысын арттырған. Алайда тауар патенті компанияға рәсімделгендіктен, өнертапқыштың өзі бұдан бірде-бір тиын алмаған екен.
Кэтрин Блоджетт – бүкіл ғұмырын ғылымға арнаған америкалық зерттеуші. 40 жылдан аса уақыт ол физикалық химияны зерттеген. Кэтрин – физика ғылымдарының докторы атағын алған әлемдегі тұңғыш әйел. Ол әйнек жасаудың жаңа технологиясын ойлап тапқан. Осы еңбекқорлығының арқасында көрінбейтін әйнек пайда болған. Оның жарықты түсіруі 99 пайыздан асады. 1939 жылы оның өнертабысын тұңғыш рет кинематографияда қолданған. Қазіргі уақытта көрінбейтін әйнекті көбіне фотоаппараттарда, телескоптарда, көзәйнектерде және автокөлік терезелерінде пайдаланады.
Джозефина Кокрейн ауқатты адам болған. Ыдыс жуу оны мүлде алаңдатпаған. Алайда қымбат ыдыстардың сынып қалу жағдайы оның ашуын тудырған. Сол себепті ол ыдысты сол қалпы сақтай отырып, өзі жуып шығатын құрылғыны жасауға бел буған. 1887 жылы бірнеше мәрте сынақтан кейін тұңғыш ыдыс жуғыш машина жасалған. Ол ыдысты жақсы жуып қана қоймай, оның сол қалпында сақталуын қамтамасыз еткен. Компанияның ауқымды жарнамасының арқасында қарапайым агрегатқа дәмханалар мен мейрамханалар қызығушылық танытқан. Джозефинаның сол машинасы қазіргі уақытта заманауи қалыпқа енген. Ол әлем тарихында тек өнертапқыш ретінде ғана емес, әлемдік феминистер қозғалысының белсендісі ретінде де қалған.
Патрисия Биллингс өзінің жұмысының арқасында өнертапқыш атанған. Ол мүсінші болған. Гипстен жасаған оның бұйымдары үнемі сынып, жарамсыз болып қалған. Осы жағдайды болдырмас үшін Патрисия өзінің жұмыс істеуіне ыңғайлы болатындай жаңадан мықты материал жасап шығаруды қолға алған. Содан ол мықты әрі уландыру көрсеткіші мүлде жоқ геобонд материалын ойлап тапқан. Бұл материалды мүсіншілер де, құрылысшылар да әлі күнге дейін қолданады. Бұдан бөлек, Патрисия Биллингс ғимарат қабырғасын сылауға пайдаланатын силиконды да ойлап тапқан. Қазіргі уақытта оны медицина, химия және жеңіл өнеркәсіпте пайдаланады.
Газбен жылыту қазандығын афроамерикалық Элис Паркер 1919 жылы ойлап тапқан. Онда табиғи газ қолданылған. Оның бу қазандықтардан артықшылығы шағын әрі тиімділігінде болған. Бүгінде өнертапқыштың бұл қазандығын әлемнің миллиондаған тұрғыны пайдаланады. Сонымен қатар Элис Паркер термостатты да жасап шығарған.
Голливуд актрисасы аустриялық Хеди Ламарр сонымен қатар табысты өнертапқыш болған. Азан шақырып қойған аты Хедвиг Ева Мария Кислер. 1937 АҚШ-қа қоныс аударып, киноға түсе бастаған соң Хеди Ламарр псевдонимін иемденген. Ол 1942 жылы байланыс жүйесін ойлап тапқан. Бұл жүйе сигнал беретін каналға айналады. Одан кейін технология өрісі кеңейіп, канал «Жасырын байланыс жүйесі» деген атауға ие болып, қашықтан басқару қызметін көрсетуге пайдаланылады. Жарты ғасырдан кейін ол ұялы байланыс пен Wi-Fi-дың пайда болуына негіз болды.