Былтыр Қазақстанда өндіріс орнында 202 адам көз жұмды – министрлік

10 маусым, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Былтыр Қазақстанда өндіріс орнында 202 адам көз жұмды – министрлік
Фото: freepik

Үкімет отырысының қорытындысы бойынша баспасөз конференциясында Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің төрағасы Ерболат Әбілхатин былтыр өндіріс орындарында жазатайым қайтыс болған 202 адамға қандай көмек көрсетілгені туралы айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz. Ол сондай-ақ жұмыс орнында көз жұму жағдайлары қай салада көбірек болатынын айтты.

Оның айтуынша,  өндірісте оқыс оқиға салдарынан қаза тапқан жұмысшының отбасына үш жақты төлем жүргізіледі.

«Бірінші, жұмыс беруші, екінші мемлекет, үшінші, сақтандыру қорлары тарапынан төлем жүргізіледі. Төлемнің ең көп мөлшерін «Жомарт» кен орнында қаза тапқан жеті кеншінің отбасы алды. Жұмыс беруші тарапынан жеті отбасыға жалпы сомасы 970 млн теңге төленді. Оның ішінде қызметкердің 10 айлық жалақысы, несиелерін өтеуге, үй алып беруге, жерлеу мәселесіне бөлінген қаражат та бар. Ал сақтандыру қорынан зардап шеккен отбасы балаларына олар ересек жасқа жеткенше төлем жүргізіледі. Мемлекет тарапынан да асыраушысынан айырылу туралы мемлекеттік жәрдемақылар тиісті түрде төленіп жатыр. Ал 202 адамның нақты қанша қаражат алғанын айта алмаймыз, бірақ нақты фамилия бойынша қарап беруге болады», - деді Ерболат Әбілхатин.

Комитет төрағасы, сондай-ақ, жазатайым оқиғалар үш үлкен сала: тау-кен металлургия кешені, құрылыс саласы және коммуналдық салада жиі болатынын қаперге берді.