Тұрғындар жолдардың сапасына наразы: Бектенов жергілікті жолдарға баса мән беруді тапсырды

Тұрғындар жолдардың сапасына наразы: Бектенов жергілікті жолдарға баса мән беруді тапсырды
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында автожол саласын дамыту мен цифрлландыру мәселесі қаралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Премьер-министр көлік ағынын басқару ісіне заманауи IT-технологиялар енгізуді тапсырды.

«Жергілікті жолдарға да баса мән беру керек. Облыстық және аудандық жолдарды күрделі жөндеуге қомақты қаражат бөлінуде. Оның ішінде республикалық бюджеттен де қарастырылған. Алайда, кейбір өңірлерде, жергілікті бюджеттен қаржыландыру көлемі жеткіліксіз болып отыр. Атап айтқанда, бұл – Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Абай облыстарына да қатысты мәселе. Тұрғындар жолдардың сапасына наразы», - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Өткен жылы азаматтардан жолдар мен көшелер мәселесіне қатысты ресми түрде 40 мыңнан астам арыз-шағым келіп түскен.

«Өңірлерде жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстарында құрылыс технологияларын сақтамау және мерзімдерді кешіктіру байқалып отыр. Әкімдер бұл мәселелерді бақылауға алуға тиіс. Көлік ағынын басқару ісіне заманауи IT-технологиялар мен жасанды интеллектті енгізу қажет», - деді Премьер-министр.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша тиісті тапсырмалар берілді.

Айта кетейік, бұған дейін Көлік министрі Марат Қарабаев ақылы жолдардан түсетін кірістер 100 млрд теңгеге жетуі мүмкін екендігін айтқан болатын.