ДСҰ мен халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі тағайындалды

17 наурыз, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
ДСҰ мен халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі тағайындалды
Фото: primeminister.kz

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Қайрат Қалмұқаметұлы Төребаев Дүниежүзілік сауда ұйымы мен халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі лауазымына тағайындалды, - делінген хабарламада.

Қайрат Төребаев 1979 жылы Алматы қаласында дүниеге келген.

2000 жылы Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, 2012 жылы Берн университетінің Дүниежүзілік сауда институтын тәмамдаған. Мамандығы бойынша экономист-халықаралық қатынастар маманы, халықаралық құқық және экономика магистрі.

Еңбек жолын 1997 жылы «Поинтекс-А» фирмасында сауда менеджері ретінде бастады.

2001-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің жүйесінде қызмет атқарған.

2012-2014 жылдары аралығында ҚР Экономикалық даму және сауда министрінің кеңесшісі, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары және директоры қызметтерін атқарған.

2014-2019 жылдары – ҚР Ұлттық экономика министрлігінде Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры, ҚР Ұлттық банкіде Халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры.

Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы мен халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі болып тағайындалғанға дейін 2019 жылғы шілдеден бастап ҚР Сауда және интеграция вице-министрі қызметін атқарған.

II сыныпты Екінші хатшы дипломатиялық дәрежеге ие.