Жаңа рекорд: Astana Half Marathon жарысына 8 мың адам қатысты


Бүгін жүгіруден Астана қаласындағы ең ауқымды шара Astana Half Marathon төртінші мәрте өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Елордада өткен жартылай марафонға рекордтық 8 мың адам қатысты. Жарысқа қатысу үшін Астанаға еліміздің барлық өңірінен және 30-дан астам елден арнайы марафоншылар келді.
Биылғы бәсекеде қатысушылар 10, 21 шақырым, 10 шақырымға скандинавиялық жүріс, 21 шақырымға эстафета сайысында сынға түсті. Олардың арасында 2026 жылғы Милан және Кортина-д'Ампеццо қысқы Олимпиадасының лицензия иегерлері, шаңғышы Надежда Степашкина, Наиль Башмаков сынды белгілі спортшылар да жүгірді.
Astana Half Marathon-ның осы жолғы жүгірісінің басты ерекшелігі – жүгіру маршруты ауысты. Әуесқой спортшылар стартты Тәуелсіздік алаңынан бастап, «Арқар» және Сығанақ-Мәңгілік Ел көпірлері арқылы мәреге жетті. Жол бойында олар қаланың ең сәулетті жерлері саналатын «Ақорда», Есіл жағалауы, «Бәйтерек», Abu Dhabi Plaza және EXPO нысандарының жанынан жүгіріп өтті.
«Astana Half Marathon-ымыз жылда маусым айының ортасында өтетін еді. Бірақ күннің ыстығына байланысты осы жолы 1 маусымда өткізуді ұйғардық. Бастапқыда күн ыстық болған еді. Бірақ күн бұлттанып, қатысушыларға өте жақсы температураны қалыптастырды. Өздеріңіз білетіндей, биыл трассамызды да ауыстырдық. Неге? Себебі, Тәуелсіздік монументінен басталатын жол адамдардың еркін жүгіруіне мүмкіндік береді. Сондай-ақ қатысушылардың санын 8 мыңға шектедік. Өйткені бізге санға қарағанда, сапа маңыздырақ. Алдағы уақытта да әуесқой спортшыларға мерекелік жарыстарды ұйымдастыруды жалғастыра береміз», - деді «Бірінші болу – батылдық» корпоративтік қорының атқарушы директоры Салтанат Қазыбаева.
Жарыс жеңімпаздары:
10 км. Ерлер.
1-орын. Рақымжан Келманов – 30:52
2-орын. Әлімжан Балтабек – 31:54
3-орын. Дилмурод Хужамов (Өзбекстан) – 31:59
10 км. Әйелдер.
1-орын. Виктория Сергеева – 35:28
2-орын. Эльвира Тахауова – 37:03
3-орын. Диана Ержанова – 37:28
21.9 км. Ерлер
1-орын. Виталий Шафар (Украина) – 1:05:23
2-орын. Нодирбек Муталипов (Өзбекстан) – 1:06:19
3-орын. Бекзод Бойматов (Өзбекстан) – 1:06:42
21.9 км. Әйелдер
1-орын. Дана Айдосова – 1:17:44
2-орын. Екатерина Тунгускова (Өзбекстан) – 1:18:31
3-орын. Елена Толстых (Ресей) – 1:19:46
«Әлемнің барлық құрлықтарында жүгіріп шықтым десем де болады. Тіпті 2012 жылы Лондон Олимпиадасына қатысып, марафонда 29-орынға табан тірегенмін. Енді осы естеліктердің қатарына Astana Half Marathon қосылды. Кеше ғана Қырғызстандағы жартылай марафонда 2-орын алып едім. Міне, енді бүгін Астанадағы жартылай марафонда топ жардым. Ауа райы өте қолайлы болды. Киев пен Астанадағы жүгіру алаңын біріктіретін бір дүние бар екен. Ол – Тәуелсіздік монументі. Бізде де старт дәл Тәуелсіздік монументінен басталады. Жарысқа келетін болсақ, ұйымдастыру деңгейі өте жоғары. Әрқашан жеңемін деп шығамын. Сол мақсатым орындалды», - деп жартылай марафонда топ жарған украиналық Виталий Шафар эмоциясымен бөлісті.
Мәреге жеткен қатысушылар естелік медальға ие болды.



