00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Олжас Акимов: Париж Олимпиадасына баратын спортшылардың құрамы 80%-ға өзгерген

Олжас Акимов: Париж Олимпиадасына баратын спортшылардың құрамы 80%-ға өзгерген
коллаж Elorda.info

2024 жылдың басты додасы – Париж Олимпиадасының басталуына санаулы күндер ғана қалды. Осы орайда еліміз бойынша ең көп 12 спортшы Астана қаласы атынан сынға түседі. Бұл жайлы Астана қаласы әкімдігінің «Астана қаласының спортты дамыту дирекциясы» КММ басшысы Олжас Акимов Elorda.info сайтына айтып берді.

- Париж Олимпиадасының іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша ең көп 12 спортшы Астана қаласынан барады. Бұған көңілдеріңіз қаншалықты толады? 

Париж Олимпиадасына Астана қаласынан 12 спортшымыз 7 спорт түрінен 13 лицензия жеңіп алды. Теннистен Елена Рыбакина бүкіл отандасымызға таныс. 2022 жылы атақты «Уимблдон» үлкен дулығасын жеңіп алған болатын. Әлемдік рейтингте 4-орында тұр. Токио Олимпиадасында жартылай финалға дейін жетіп отандық теннис тарихындағы рекордты жаңартқан болатын. Одан бөлек, биылғы маусымды теннистен өте сәтті өткізіп жатқан Юлия Путинцева, Александр Бублик, Александр Недовесов, Александр Шевченко бақ сынайды. 

Бокстан Қазақстан тарихында бірінші рет егіз боксшылар өнер көрсетеді. 80 және 92 келідегі ағайынды Оралбайлар Астана қаласының атынан шығады. Әйелдер боксынан 2016 жылы әлем чемпионы атанған спортшымыз Валентина Хальзова осы аралықта отбасын құрып, ана атанды.

Жүзу спортынан Әділбек Мусин араға 16 жыл салып, 100 метрге баттерфляй және еркін жүзуден жазғы Олимпиада ойындарына қатыспақ. 

Қазіргі бессайыстан Елена Потапенко бұған дейін Рио және Токио Олимпиадасына қатысып үлгерді. Енді үшінші рет басты додада жүлдеге таласып көрмек. 

Үстел теннисінен Кирилл Герасименко 2024 жылдың басында командалық әлем чемпионатында жақсы өнер көрсетіп, бірнеше азулы қарсыластарын жеңді.

Жазғы Олимпиада ойындарында екінші рет қана жүлде сарапқа салынып жатқан құзға өрмелеу спорты өзгеріске ұшырады. Токиода бір ғана жүлде ойнатылса, биыл екі сайыс түрінде лицензиялар берілді. Өткен айда Әмір Маймұратов Будапешттегі финалдық іріктеуде жоғары нәтиже көрсетіп, жылдамдық сайысында жолдама жеңіп алды. 

Жалпы Токио Олимпиадасымен салыстырғанда, спортшылар құрамы 80%-ға өзгерген. Олардың барлығынан лайықты нәтиже күтеміз. 

- Жалпы 2022 жылдан бері Олимпиаданың іріктеу кезеңінде қанша спортшымыз бақ сынады? 

Бастапқыда Олимпиада лицензиясы үшін 17 спортшы сынға түскен еді. 2 жылға жалғасқан тартысты бәсекенің қорытындысы бойынша, 12 отандасымыз жолдамаға қол жеткізді.

- Неше жолдаманы жоспарлап едіңіздер? Токио Олимпиадасымен салыстырғанда спорт түрлерінен қаншалықты өзгеріс бар? 

Спортшыларымыз барлық қиындықтарға төтеп бере алады деген сенімдеміз. Жарыстарда жеңіспен бірге жеңіліс қатар жүреді.

Токио Олимпиадасымен салыстырар болсақ, онда бізден бокс, әйелдер күресі, қазіргі бессайыс, үстел теннисі,  теннис, велоспорттан (12 лицензия) өкілдеріміз қатысып, ең жоғарғы нәтижені (4-орын) теннистен Елена Рыбакина көрсеткен болатын. 

- 2021 жылдан бері спортшыларды дайындау мақсатында қаншалықты жағдай жасалды? 

Астана қаласының спортшылары мен бапкерлері лицензиялық жарыстарда ешкімнен қалыс қалмау үшін, қолдан келгенше барлық жағдай жасалды. 

Спортшылар құрал-жабдықтарын түгелдеп, маусымдық бірыңғай спорттық киімдер берілді. Витаминдерімен де уақытында қамтамасыз етілді. Сондай-ақ отандастарымыз толық медициналық тексерістен өтіп, денсаулығын ғана емес, физикалық жай-күйіне де толық деңгейде мониторинг жасай алады. 

- Өңірдегі спортшылардың ірі қалаларға ауысуы қаншалықты жиі кездеседі? Астана қаласында ондай спортшылардың үлесі жоғары ма?

Спортшылардың өзге өңірлерге ауысуы қалыпты үрдіс. Кез келген адам өзге облыстан жақсы ұсыныс алса, ұсынысын қабыл ала алады. Бұл спортшының саналы түрдегі таңдауы. 

Париж Олимпиадасында кімге сенім артасыздар? 

Олимпиадаға ең мықты спортшылар қатысады, әлсіздер жоқ. Біздің спортшылардың әрқайсысы чемпион болуға лайықты. Біз әрқашан тек жақсылыққа үміттенеміз, оларға үлкен үміт артамыз.

Біздің Олимпиада қатысушыларына сәттілік тілей отырып, ұзақ және де қажымас еңбектерінің нәтиже алып келуіне тілекшімін.