Есбол Сұлтанов: 2028 жылғы Олимпиадада таеквондошыларымыздың жүлде алуына барымды саламын
Таеквондодан әлемде 2024 жылдың үздік бапкері ретінде танылған, Тунис құрамасын баптап, тарихи алтын әперген Есбол Сұлтанов бірнеше күн бұрын ғана Қазақстан ұлттық құрамасының тізгінін ұстады. Осы орайда Есбол Сұлтанов Elordainfo.kz сайтымен алдағы жоспарын бөлісті.
–2024 жылдың күзінде сізді ұлттық құраманың тізгінін ұстайды деп еді. Неге БАҚ беттерінде бұл ақпарат енді ғана мәлім болды?
–Париж Олимпиадасынан кейін таеквондо федерациясында толықтай өзгеріс болып, президент ауысты. Ішкі құрылымдағы қызметкерлер қайта сайланды. Ал таеквондодан Қазақстан чемпионатының алдында, 17 қараша күні ұлттық құраманың жаңа бапкерін тағайындау бойынша жиналыс өтті. Желтоқсанда мені бас бапкер ретінде бекітті. Ресми бұйрық тек 15 қаңтарда ғана шықты.
–Бірнеше елден қызығушылық танытып, Тунистен келісім-шартты ұзарту жайлы ұсыныс болды дедіңіз. Осы орайда қайта елге келу сізге материалдық, психологиялық жағынан қалай әсер етті?
–Иә, бірнеше елден ұсыныс түсті. Тунистен бөлек, Египет, Сауд Арабиясы, Марокко елдерінен қызығушылық танытты. Бірақ туған елімде қалуды жөн деп шештім. Материалдық тұрғыдан шетелдік мемлекеттердің келісім-шарттары Қазақстаннан қарағанда жоғарырақ болды. Психологиялық жағынан айтсақ, өзге елдер мені кәсіби маман деп сыйласа, Қазақстанда сынаушылар да табылды. Оның үстіне шетелдегі жетістігін елімізде де қайталай ала ма деп күмәнданады. Жауапкершілік жоғары. Алайда Қазақстанның спортын көтерсем деген мақсатым бар. 2028 жылғы Олимпиадада таеквондошыларымыздың жүлде алуына барымды саламын.
–Шетелдік тәжірибеңіз бар. Енді сізден көпшілік жоғары нәтиже күтеді. Осы орайда ұлттық құрамамызға қандай өзгерістер енгізбекшісіз? Қандай мақсаттарыңыз бар?
–Тунисті жаттықтырған сәтте көп тәжірибе жинадым. Деңгейі өте жоғары Париж Олимпиадасына қатыстым. Даянның (жекпе-жек өтетін алаң – Ред.) сыртында, жанында спортшыларға қандай сөз айту керек, бабына қалай келтіру қажет, қандай шаралар ұйымдастыру тиімді екенін көзіммен көрдім. Халықаралық оқу-жаттығу жиындарында бірнеше елмен дайындалдық. Тунис құрамасында француздық маманның федерациямен қарым-қатынасы, ұйымдастыру жағынан ерекшеліктерін байқадым. Енді осы тәжірибемді Қазақстанға әкелсем деймін. Бұл өзгерістер отандық таеквондаға оң әсер береді деп сенемін. Жаттығу әдістемесі жағынан физикалық жаттығуды өзгертеміз. Техника, тактикаға да біршама жаңашылдық енгіземіз.
–Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов отандық спорттағы нәтижені жақсарту үшін шетелдік мамандарды шақырамыз деп еді. Таеквондодан да мамандар шақырасыз ба?
–Бірінші кезекте отандық жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру қажет. Әйелдер құрамасының деңгейін жоғарылату мақсатында Ираннан білікті маман алып жатырмыз. Одан бөлек, әлемдегі үздік бапкерлер, Олимпиада чемпиондарын шақырып, шеберлік дәрістерін өткізуді жоспарлаудамыз. Осының арқасында еліміздегі жаттықтырушы, спортшыларымыз тәжірибе алмасып, әдістемесін көріп, ой-өрістерін дамытады.
–Сұхбатыңызға рақмет!