Елордалық гимнасшылар Азия чемпионатында 11 медаль жеңіп алды


Көркем гимнастикадан Сингапурда өткен Азия чемпионатында Астана қаласының спортшылары жалпы саны 11 медаль жеңіп алды. Оның 5-еуі – алтын, 4-еуі – күміс, 2-еуі – қола жүлде, деп хабарлады Elordainfo.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Жарыстың алғашқы күнінде командалық көпсайыста №1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің құрамасы алтынға қол жеткізді. Сеньорлар арасындағы командалық біріншілікте осы құрамға Айым Мейіржанова мен Айбота Ертайқызы қосылып, екіші орынға ие болды. Юниорлар жарысында Ақмарал Ерекешева мен Рысбек Айғаным да күміс медаль жеңіп алды.
Финалдық бағдарламада №1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің №1 командасы 3 шығыршық + 2 жұп ұршық жаттығуында алтын, 5 лентада күміс еншіледі.
Жеке нәтижелер:
Айбота Ертайқызы – лентада алтын медаль, көпсайыста қола медаль;
Ақмарал Ерекешева – доп пен лентада қос алтын медаль, ұршықта күміс медаль;
Айым Мейіржанова – ұршықта қола медаль;
Рысбек Айғаным – жеке көпсайыста 4-орын.
Бұл тарихи нәтижеге жетуге зор үлес қосқан бас жаттықтырушы Меруерт Балғынбаева бастаған тәжірибелі бапкерлер құрамында Оксана Нечитайло мен Екатерина Панченко бар. Спортшыларды дайындаған хореографтар – Шыңғыс Оспанбаев бастаған Сая Айдыс пен Карина Аблакова.
«Біз осы жетістікке бір команда болып қол жеткіздік. Бұл – әр спортшымның табандылығы мен бапкерлер тобының ерен еңбегі. Нәтижесінде Азия чемпионатында 5 алтын, 4 күміс, 2 қола медаль алды. Балаларымыздың көзіндегі от пен ерік-жігері бізді күнде алға жетелейді. Алда талай биік тұр, сол шыңдарды да бірге бағындыратынымызға кәміл сенемін», - деді Астана қаласы әкімдігінің №1 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің Көркем гимнастика бөлімінің аға жаттықтырушысы Меруерт Балғынбаева.
Айта кетейік, бұл жарысқа 19 мемлекеттен 100-ден астам спортшы қатысты.