Елімізде алғаш рет теннистен Virtus әлем чемпионаты өтеді


Астанадағы «Дәулет» теннис орталығында 3-11 мамыр аралығында теннистен Virtus әлем чемпионаты өтеді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Қазақстан теннис федерациясының мәліметінше, интеллектуалдық бұзушылығы бар спортшыларға арналған ірі халықаралық жарыс «Интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған спорт федерациясы» РҚБ-ның (ЛИН спорт федерациясы) қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Тарихта алғаш рет аталмыш әлем біріншілігі Орталық Азияда өткелі тұр. Virtus додасына 8 ел: Қазақстан, Ұлыбритания, Бельгия, Аустралия, Польша, Италия, Үндістан, Франциядан мықты спортшылар қатысады деп жоспарланған. Жарыс II1, II2 және II3 санаты бойынша жекелей, жұптық және командалық сында өтеді.
«Бұл – инклюзивті спортты дамытудағы маңызды қадам. Қазақстан Virtus әлемдік қауымдастығын лайықты қабылдайтынына сенеміз», - деді Virtus президенті Марк Труффо.
Virtus — интеллектуалдық бұзушылығы бар адамдарды дамытуға арналған жетекші халықаралық ұйым. Оған дүние жүзі бойынша 100-ден астам елден 7 мыңнан астам спортшы кіреді. Virtus аясында Паралимпиада ойындарын қосқанда, жеңіл атлетика, жүзу, үстел теннисі, велоспорт, баскетбол және басқа спорт түрлерінен жарыстар өтеді.
«Біз Қазақстанның әлемдік инклюзивтік теннистің бір бөлігіне айналғанына қуаныштымыз», деді «Интеллектуалдық даму ерекшеліктері бар адамдарға арналған спорт федерациясы» РҚБ (ЛИН спорт федерациясы) президенті Дина Темірғалиева.



