Әділ Бекетаев: Еліміздің көк туын қысқы Азия ойындарында алып шығу – үлкен мәртебе
Харбинде өтетін IX қысқы Азия ойындарының басталуына екі аптадай ғана уақыт қалды. Осы орайда жарыстың салтанатты ашылу іс-шарасында көк туымызды ұстап шығу мәртебесі тапсырылған елордалық «Барыс» клубының хоккейшісі Әділ Бекетаев Elordainfo.kz сайтына өз эмоциясын бөлісті.
Ұлттық құраманың көк туын қысқы Азия ойындарында алып шығу сіз үшін қаншалықты маңызды? Бұл ақпаратты қашан естідіңіз? Қалай қабылдадыңыз?
- Еліміздің көк туын қысқы Азия ойындарында алып шығу - үлкен мәртебе. Бұл менің өмірімдегі маңызды сәт. Осы жайлы ақпаратты бір апта бұрын естідім. Туған-туыстарым хабарласып, құттықтады. Олар менен қарағанда қатты қуанды. Жалпы үміткерлердің қатарында екенімді білдім. Әрине, ту ұстап шығуға үлкен ниетім болды.
Қысқы Азия ойындарына дайындық қалай өтіп жатыр? Қарсыластар жайлы не білесіз?
- Қазіргі сәтте барлық ойыншы өз клубтарында өнер көрсетіп жатыр. Қысқы Азия ойындарының қарсаңында барлығы шешуші дайындықта бас қосады. Қарсыластар жайлы толық білмеймін. Тек Жапония мен Оңтүстік Корея құрамалары хоккейді жылдам ойнайтынынан хабардармын. Тосқауыл көп қояды. Қайсар жігіттерден жасақталған. Бастысы - өз мүмкіндіктерімізді мүлт жібермеуіміз қажет.
Сіз алғаш рет қысқы Азия ойындарына қатысқалы жатырсыз. Қандай үміт күтесіз?
- Қысқы Азия ойындарынан көп үміт күтемін. Маған және Қазақстан үшін үлкен әрі маңызды дода. Әрине, бірінші орын алуға ғана барамыз. Жанкүйерлер де тек алтын медаль алғанымызды қалайды. Біздің міндетіміз - әр матчта жеңіске жету.
Өткен жылы Азия чемпионатында басқа құрам чемпион атанған еді. Енді қысқы Азия ойындарында өзге құрам қатысады. Сіздің көңіліңіз қаншалышты толады? Тек алтын медальді көздейтін боларсыздар?
- Құрам жайлы айта алмаймын. Өйткені барлығын бапкерлік штаб шешеді. Біздің шаруамыз - алаңға шығып, қойылған тапсырманы мүлтіксіз орындау. Иә, бұған дейін айтқанымдай, бізге тек алтын медаль ғана керек. Қарсыластардан қарағанда, рейтингте жоғары тұрмыз, элиталық дивизионда ойнаймыз. Сондықтан 2017 жылы Саппорода өткен Қысқы Азия ойындарындағы нәтижені қайталауға тиіспіз.