Chеmpiondar Ligalary: Астанада жас спортшылар бас қосты


Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында грек-рим, еркін күрес, қазақ күресі, дзюдодан Республикалық Chеmpiondar Ligalary жарысының 1-туры басталды, деп хабарлайды Elordainfo.kz
28 сәуір мен 2 мамыр аралығында жалғасатын бәсекеде еліміздің барлық өңірінен кіші жасөспірімдер жүлделер сарапқа салынады.
«2024 жылы басталған айтулы бәсеке бұған дейін болған жоқ. Өздеріңіз білетіндей, Республикалық жарыстарда әр облыстан тек 2 спортшы ғана қатысып, өзге жасөспірімдер тыс қалады. Ал Chеmpiondar Ligalary барлық өңірдің спортшыларына еш шектеусіз қатысуға мүмкіндік береді. Бұл сарайда күрес түрлерінен Әлем чемпионаты, Азия чемпионаты сынды ірі додаларды қабылдаған. Енді жасөспірімдер де әлемдік стандартқа сай спорт кешенінде жүлдеге таласа алады», - деді жобаның ұйымдастырушысы Дидар Сағадиев.
Chеmpiondar Ligalary екінші жыл өтуінің арқасында турнирге өзгерістер еніп, қатысушылардың саны рекордтық 1400-ге жетті.
«Былтыр тек 15 жас санатындағы балуандар қатыса алатын еді. Ал биыл 13 жасқа дейінгі санатты қостық. Неге бұл санатты қосуға шешім қабылдадық? Себебі, 13 жастан бастап жас спортшыларға көңіл бөлсек, ересектер сапында жоғары көрсеткіштерге жетуге дайын болады. Осының арқасында турниріміз 4 күнге дейін ұзарды. Алдағы уақытта басқа санаттарды да қосуға тырысамыз. Кез келген жобаның нәтижесін 3 жылда көруге болады. Енді іс-әрекетіміздің жемісі алдағы уақытта белгілі болады», - деп Дидар Сағадиев сөзін түйіндеді.
Турнирде әр спорт түріне еліміздегі атақты жерлестеріміздің аты беріліп, турнирге ұйытқы болып жүр. Грек-рим күресі - Кебіспаев лигасы, еркін күрес - Ниязбеков лигасы, дзюдо - Жұмақанов лигасы, қазақ күресі - Жақсылық Үшкемпіров лигасына бөлініп балдық бағалау жүйесімен ұйымдастырылып отыр..
«Әкемнің өте мықты балуан болған. Мен де әкемнің жолын қуып, танымал болуды армандаймын. Бүгінгі жарыстағы жеңістерім – болашаққа жасалған нақты қадамдарым», - деді турнирдің жас қатысушысы Мерей Сайыпханов.
Биыл Chеmpiondar Ligalary бәсекесі 3 турды құрайтын болады. Келесі тур қыркүйек айына жоспарланған.