Қазақстандық семсерлесушілер әлем кубогінде үздік ондыққа енді
Қазақстанның ерлер құрамасы семсерлесуден Бернде (Швейцария) өткен әлем кубогінің кезеңінде ширек финалға дейін жетті, деп хабарлады Elordainfo.kz olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Командалық жарыста медаль үшін Эльмир Әлімжанов, Вадим Шарлаимов, Ерлік Сертай және Руслан Құрбанов күресті.
1/16 финалда қазақстандық семсерлесушілер Данияны 31:30 есебімен жеңді. Келесі кезеңде Қазақстан құрамасы Украинаны 33:32 есебімен тізе бүктірді.
Ширек финалда спортшыларымыз Венгрияға 36:45 есебімен есе жіберді. Содан соң 5-8 орындар үшін өткен кездесуде Қазақстан Швейцариядан 42:45 есебімен ұтылды. Жетінші орын үшін Нидерланд құрамасымен болған сайыста қазақстандықтар 45:40 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша, Қазақстан құрамасы әлем кубогінің кезеңінде жалпы есеп бойынша жетінші орынды иеленді.