Астанада XX жазғы Азия ойындарына арналған жүгіріске 100-ден астам адам қатысты

Астанадағы Орталық саябақта Жапонияның Аичи мен Нагоя қалаларында өтетін XX жазғы Азия ойындарын қолдау мақсатында Fun Run жүгірісі өтті, деп хабарлайды Elordainfo.kz.
Іс-шараны Азия Олимпиадалық кеңесі (АОК), Азия ойындарының ұйымдастыру комитеті (AINAGOC), ҚР Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырды.
Fun Run жүгірісі Азиада-2026 ұйымдастыру комитетінің промо-науқанына кіреді және «Біртұтас Азияны елестет» ұранымен өткізіледі.
Іс-шараға Азиада-2026 ұйымдастыру комитетінің Бас директоры міндетін атқарушы Ясухиро Накамори, Азия Олимпиадалық кеңесінің ұлттық олимпиадалық комитеттермен байланыс және даму бағдарламалары жөніндегі директоры Виссам Тркмани, Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің Бас директоры Нұрлан Нөгербек және ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев, Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова қатысты.
«2-3 қыркүйек күндері елордада Olympic Solidarity бағдарламасы аясында Азия Олимпиадалық кеңесінің VI Құрлықтық спортшылар форумы өтіп жатыр. Форумда Азияның 42 ұлттық олимпиадалық комитетінің өкілдері бас қосты. Сол шараның аясында Fun Run символдық жүгірісі ұйымдастырылып жатыр. Барлық жиналған қатысушыларға керемет эмоция алуларыңызға тілектеспін», - деді Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев.
1 шақырымдай қашықтықты құрайтын жүгіріске барлық жас санатындағы 100-ден астам әуесқой спортшылар қатысты.
Жүгірістің соңында барлық қатысушылар арнайы естелік медаль және сертификаттармен марапатталды.
Айта кетейік, 2026 жылдың 19 қыркүйек – 4 қазан аралығына жоспарланған Азиада-2026 бағдарламасына 41 спорт түрі енген. Жалпы 68 бағдарлама бойынша 460 жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Жүлденің 217-сі ерлер, 204-і әйелдер, 39-ы аралас санаттарда үлестіріледі.
Жазғы Азиада Ұлттық құрама спортшылары үшін Олимпиада ойындарынан кейін басты бәсекелердің бірі саналады. Ол төрт жылда бір мәрте ұйымдастырылады. 2023 жылы Ханчжоуда (Қытай) өткен жазғы Азия ойындарында елімізден ең көп 525 спортшы қатысып, 80 медаль (10 алтын, 22 күміс, 48 қола) жеңіп алған еді. Нәтижесінде отандастарымыз жалпы есепте 11-орынға тұрақтаған болатын.



