Астанада парахоккейден әлем чемпионаты өтеді

Бүгін, 16:31
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
views65
Астанада парахоккейден әлем чемпионаты өтеді
Фото: Астана қаласы әкімдігінен

Астанада 6-11 қыркүйек күндері парахоккейден (B-пул) әлем чемпионаты өтеді. Жарысқа Италия, Жапония, Швеция, Қазақстан, Франция және Финляндия құрамалары қатысады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Турнир айналмалы жүйе форматында өтеді. Жарыстың қорытындысы бойынша алғашқы екі орынды иеленген командалар A тобына өтсе, соңғы орын алған құрама C тобына түседі.

Сондай-ақ Астанада өтетін бұл біріншілікте Милан-2026 XIV қысқы Паралимпиада ойындарына іріктеу турниріне берілетін екі жолдама сарапқа салынады. Іріктеу жарысы 5-10 қараша аралығында Норвегияның Йессхейм қаласында өтеді. Бұл жарыста Паралимпиадаға тікелей жолдама алатын құрамалар анықталады.

«Астанада парахоккейден (B-пул) әлем чемпионатын екінші рет өткізу – біз үшін үлкен мәртебе. Алғашқы турнир 2023 жылы өтті, ол кезде құрамамыз 4-орынға ие болды. Биыл біз жоғары нәтиже көрсетіп, Паралимпиадаға жолдама алу үшін бар күшімізді саламыз», - деді Қазақстан парахоккей федерациясының бас хатшысы Қайрат Сабыров.

Айта кетейік, парахоккейден әлем чемпионаты Туризм және спорт министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, Sport Qory және «Самұрық Қазына» АҚ-ның қолдауымен ұйымдастырылады.