Елордада діни конфессиялар өкілдері футбол турнирінде бас қосты
Астанада «Қазақстан футбол федерациясының діни конфессиялар арасындағы достық кубогы» атты футбол турнирі басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Аталмыш іс-шара Тәуелсіздік күніне орай ұйымастырылып отыр.
Қазақстан футбол федерациясының жабық кешенінде үшінші мәрте өтіп жатқан бәсекеге 9 конфессиядан 16 команда жиналды.
«Еліміздегі 18 конфессияның 14-і Астана қаласында бар. Бүгін соның бірқатары қатысып жатыр. Ал кей діни бірлестіктер үшін сенбі қасиетті күн болғандықтан, турнирге қатыса алмады. Бұл іс-шарамыз ел ішінен бөлек, УЕФА тарапынан да қолдау тауып жатыр. Мақсатымыз: футбол арқылы Қазақстан халқының түрлі діни конфессияларының өкілдері арасындағы өзара түсіністікке ықпал ету. Жарыс жоғары деңгейде өтуде. Алматыдан да арнайы келген команда бар. Бірінші турнирімізде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Алаш» ұжымы чемпион атанса, екінші додада Католик шіркеуінің өкілдері топ жарды. Қазіргі сәтте алдын ала фавориттерді айту қиын», - деді Астана қаласы діндерді зерттеу орталығының директоры Алмас Ерназаров.
Жыл өткен сайын турнирдің деңгейі де жоғарылап, жүлдеге үмітті командалардың саны артып жатыр. Мысалы, биыл Астанадағы Иса Мәсіхтің соңғы күндері әулиелер шіркеуінің «Лиахона», Әкелер кеңесі, Азия-MIX ұжымдары бірінші рет қатысып отыр.
«Дінімізде салауатты өмір салтын ұстануға басымдық беріледі. Сондықтан қандай спорт болмасын, үнемі көш басында болуға тырысамыз. Кейінгі екі турнирде финалға шығуымыз – соның айқын дәлелі. Бұл сайыстың ерекше ықпалы бар. Өйткені Қазақстан - толерантты ел. Әрбір дін-ұлтына қарамастан, бірінші кезекті бейбітшілікті ұстанады», - деп Астана қаласының және «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Ерболат Жүсіпов ойымен бөлісті.
Діни конфессиялар футболдан бөлек те, өзге спорт бәсекелерінде жиі жолығып, өзара ынтымақтастығын арттырып келеді.