«Астана – есірткісіз қала»: елордада шорт-трек маусымы ашылды

Бүгін, 14:49
Қанат Байұзақов Қанат Байұзақов
views52
«Астана – есірткісіз қала»: елордада шорт-трек маусымы ашылды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Астанадағы «Алау» мұз сарайында шорт-тректен жеткіншектер мен жасөспірімдер арасындағы қалалық сайыс басталды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

№2 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері 4-5 қыркүйек аралығында түрлі жас ерекшеліктері бойынша 111, 333, 500, 1000 метр қашықтықта сынға түседі.

«Бүгін маусымдағы алғашқы жарысымызды ұйымдастырып жатырмыз. Турнирдің басты ерекшелігі – әр санат бойынша жүлдеге іліккен өрендеріміз Көкшетау қаласында өтетін Қазақстан чемпионатына жолдама алады. Бұл жерде 2010-2016 жылдары дүниеге келген жасөспірімдер әр санат бойынша сынға түседі», - деді №2 мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері Бағдат Амангелдиев.

Шорт-тректен еліміздегі үздік өңірлердің қатарына кіретін Астана қаласының жетістіктері де ауыз толтырарлық. Абзал Әжіғалиевтің Бейжің Олимпиадасындағы 4-орны, қысқы Азия ойындарындағы жетістіктер жас балалардың ағылуына тікелей әсер етуде. Мысалы, Қазақстанның жасөспірімдер құрамасына елорданың 7 спортшысы енсе, ұлттық құрамада 4 спортшы Қазақстанның көк туын желбіретіп жүр.

«Қазір әлеуметтік желінің дәуірі ғой. Сол жердегі шорт-трекшілердің жеңісті сәттері кіші балаларға да әсер етті. Секцияға қосылғысы келетіндердің қарасы көп. Әрине, бұны құптаймын. Осы арқылы енді қалыптасып келе жатқан жасөспірімдер есірткі және т.б. зиянды әдеттерден аулақ болады», - деп түйіндеді Бағдат Амангелдиев.

Айта кетейік, 4-5 қыркүйек аралығындағы бәсекеде 70-ке жуық жас қатысушы жеңімпаздарды анықтайтын болады.