4 дүркін Азия чемпионы Жәмилә Бақбергенова елге оралды


Азия чемпионатындағы жарқын жеңісінен кейін Жәмилә Бақбергенова елге оралды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Астаналық жанкүйерлер, отбасы және спорттағы жақындары оны әуежайда ерекше ықыласпен, зор қошеметпен қарсы алды.
«Жарыстан жақсы әсер алдым. 3 жекпе-жек өткіздім. Оның екеуі аздап қиын болды. Мен үшін қиынға түскен белдесу - біріншісі, яғни жапон қызымен, екіншісі қытайлық қарсыласпен болды. Маған қолдау көрсеткен барша жанкүйерге, туған-туыстарыма алғысымды білдіремін», - деді Жәмилә Бақбергенова.
Еске сала кетейік, Жәмилә Бақбергенова Амман қаласында (Иордания) өткен әйелдер күресінен Азия чемпионатында 72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды. Финалда ол қытайлық Юци Люді 4:1 есебімен ұтып, өз мансабында төртінші рет құрлықтық біріншіліктің жеңімпазы атанды.
Бұл жеңіс – тек Жәмиләнің ғана емес, күллі қазақстандық жанкүйерлердің ортақ қуанышы. Қазақстанның әйелдер күрес құрамасы бұл чемпионатты екі жүлдемен аяқтады.



