Сенатта экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды

18 наурыз, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Сенатта экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды
Фото: Сенаттың баспасөз қызметінен

Сенатта Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, заңнама және ұйымдастыру базасын жетілдіру, тиімді ақпараттық саясатты іске асыру, сондай-ақ халықтың осал топтарымен жұмыс жөніндегі кешенді шараларға басты назар аударылды.

Сенат комитетінің төрағасы Андрей Лукин отырысты аша келіп, экстремизм көріністерінің алғышарттарын анықтау мен жолын кесу, халықаралық терроризмнің таралуына жол бермеу жөніндегі кешенді көзқарастың маңыздылығына тоқталды. Бұл қатерлерге қарсы іс-қимыл заңнамалық базаны жетілдіру, киберқауіпсіздікті күшейту және мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттардың өзара белсенді іс-қимылын талап ететіні атап өтілді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында біздің мәдениетімізге қайшы келетін бүлдіргі ағымдар мен идеологияға тосқауыл қойып, заңнаманы жаңа жағдайға бейімдеу қажеттігін атап өтті. Терроризм мен экстремизмге қарсы күрес әртүрлі мемлекеттік құрылымдар, құқық қорғау органдары, арнайы қызметтер, министрліктер мен мекемелер арасындағы үйлестіруді талап етеді. Алайда кейде үйлестіру мен функциялардың қайталануы байқалады», - деді Андрей Лукин.

Отырысқа қатысушылар терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастық мәселелерін, цифрлық технологияны дамытуға байланысты сын-қатерлерді, сондай-ақ жастардың радикалдануын болдырмау жөніндегі шараларды талқылады. Халықтың осал топтары арасында алдын-алу жұмыстарын күшейту және интернеттегі экстремистік белсенділікті бақылау тетіктерін жетілдіру қажеттігіне ерекше назар аударылды. Отырыс қорытындысы бойынша айтылған барлық ұсыныстар мұқият талданып, заң шығару қызметінде ескерілетін болды.