Сенаторлар Палата отырысында Бюджет кодексін қарайды

Сенаторлар Палата отырысында Бюджет кодексін қарайды
Фото: Сенаттың баспасөз қызметінен

Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда депутаттар 6 ақпан күні өтетін Сенат отырысының күн тәртібін бекітті және Палатаның іс-шаралар жоспарын іске асыру аясында осы аптада атқарылатын жұмыс барысын талқылады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Белгіленген күн тәртібіне сәйкес алдағы бейсенбіде сенаторлар «Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі жөнінде» және оған ілеспе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бюджет заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу және «Концессиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының күші жойылды деп тану туралы» заңдарды қарайды. Бюро мүшелері Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында жүктеген міндеттерді жүзеге асыру мақсатымен аталған тиісті қаулыны қабылдады.

Заң бюджеттік процесті түбегейлі оңайлатуды, «бюджетті басқарудан» «нәтижелерді басқаруға» көшу жолымен бюджеттік саясат моделін реформалауды, сондай-ақ, блоктық бюджет элементтерін енгізуді, бюджеттік саясаттың шекті параметрлерін айқындауды және фискалдық орталықсыздандыруды күшейтуді көздейді.

Бюро отырысында депутаттар осы аптада нақты мәселелерге арналып өткізілетін отырыстардың күн тәртібін де пысықтады. Атап айтқанда, ЕАЭО шеңберінде кедендік әкелу баждары, зияткерлік меншік, еліміздің мақта саласын дамыту және оны қайта өңдеу сияқты бірқатар өзекті тақырып бойынша ұйымдастырылатын отырыстар туралы сөз болды.

Сонымен қатар Бюро отырысында бұған дейін Мәжілістен келіп түскен заңдар жұмыс үшін Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді.