Қазақстан мен Кипр арасындағы сотталған адамдарды беру туралы заң қабылданады


Сенаттың кезекті отырысында сенатор Жанна Асанова ҚР мен Кипр республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы Келісім туралы баяндады, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«ҚР мен Кипр республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы Келісім Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар құжат және оның қабылдануы елдің халықаралық құқықтық міндеттемелерін орындауға, азаматтарымыздың құқықтарын қорғауға және қылмыстық атқару жүйесін дамытуға бағытталған қажетті қадам болып табылады.
Келісімнің негізгі мақсаты - сотталған адамдарды өз елдерінде жазаларын өтеу үшін беру. Аталған Келісім екі ел арасындағы құқықтық ынтымақтастықты нығайтып, өз Отанында қайта тәрбиелеу мүмкіндігін бере отырып, сотталған азаматтардың отбасы және қоғаммен қарым-қатынасының сақталуына мүмкіндік береді», - деді Ж.Асанова.
Оның айтуынша, Қазақстанның халықаралық деңгейде өз құқықтық имиджін нығайтуы үшін бұл заңды қабылдау өте маңызды. Ол еліміздің халықаралық құқықтық міндеттемелерін орындауын қамтамасыз етеді және адам құқықтарын қорғау бойынша халықаралық стандарттарға сай әрекет етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар сотталған адамдарды беру келісімі халықаралық құқық нормаларына сәйкес өзара құқықтық көмек көрсету саласындағы тиімді реттеу механизмін ұсынады. Келісімде екі мемлекет арасында сотталған адамдарды беру тәртібі айқын белгіленген, бұл құқықтық дауларды болдырмайды және әрбір тараптың міндеттері мен жауапкершілігін нақты анықтайды. Осылайша, бұл Келісім халықаралық заңдармен толық үйлесімді түрде жүзеге асады.