Тоқаев: Миллиондаған адамның тоталитаризм құрбаны болғанын жадымызда сақтау – қастерлі парызымыз

31 мамыр, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Тоқаев: Миллиондаған адамның тоталитаризм құрбаны болғанын жадымызда сақтау – қастерлі парызымыз
Фото: akorda.kz

Бұл туралы Президент Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шарада айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

— Төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашу — ата-бабалардың және кейінгі ұрпақтың алдындағы қастерлі борышымыз. Соңғы жылдары бұл бағытта нақты жұмыс жүргізіліп жатыр.

Осыдан 5 жыл бұрын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Көптеген сарапшылар мен ғалымдар үш жыл бойы тынымсыз еңбек етті. Мемлекеттік және мекемелік архив құжаттары егжей-тегжей зерттелді. Саяси қуғынға ұшыраған 300 мыңнан астам азамат ақталды. Екі жарым миллионнан астам материалдың құпия белгісі алынып тасталды.

Комиссия зерттеген құжаттар негізінде 72 томдық жинақ дайындалды. Қуғын-сүргін кезінде Алашорда қайраткерлеріне қатысты қозғалған істер 12 том болып жарыққа шықты. Бұл еңбекті әзірлеу барысында бұрын еш жерде жария етілмеген құжаттар алғаш рет ғылыми айналымға енгізілді, — деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент архивінің жанынан ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін құжаттарын зерттеумен айналысатын арнайы орталық ашылды.

— Бұрын құпия болып келген 700 мың құжат, яғни қылмыстық іс осы орталыққа тапсырылды. Бұл — шын мәнінде, елімізде бұрын-соңды болмаған өте ауқымды жұмыс.

Ашығын айтуымыз керек, басқа мемлекеттерде осындай көлемді зерттеулер әлі жасалған жоқ. Мұның бәрі — зерттеуші мамандардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Мен ел тарихын зерделеуге белсене атсалысқан барша азаматтарға, соның ішінде Комиссия мүшелеріне шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Олардың еңбегі міндетті түрде марапатталады. Қазіргі таңда ғалымдарымыз жиналған деректерді жүйелеп, бір ізге түсіріп жатыр. Бұл — ұлт келешегіне қажетті аса маңызды жұмыс, — деді Президент. 

Мемлекет басшысы қоғамда жоғары азаматтық жауапкершілік салтанат құруға тиіс екенін атап өтті. 

— Төл шежіремізді мұқият зерттеуіміз және терең білуіміз қажет. Бұл — аксиома. Ұлтымыздың тарихын білмей, ең бастысы, оны терең түсінбей, қазіргі заманғы түрлі саяси үрдістер туралы дұрыс пайым жасау мүмкін емес. Миллиондаған адамның тоталитаризм құрбаны болғанын жадымызда сақтау — қастерлі парызымыз. Тарихты бұрмалауға, сол кезеңдегі мемлекеттің адамгершілікке жатпайтын зұлым саясатын ақтауға мүлдем болмайды. Сондай-ақ тарихты саясаттың қолшоқпары етіп, популистік идеяларды насихаттайтын, ел ішіне іріткі салатын құрал ретінде пайдалануға жол бермеуге тиіспіз. Біздің қоғамда жоғары азаматтық жауапкершілік салтанат құруға тиіс.

Қуғын-сүргін мен ашаршылықтан ең көп зардап шеккен қазақ халқы болса да, бұл бұрынғы кеңес мемлекетінде өмір сүрген барлық дерлік халықтардың басына түскен қасірет. Сондықтан мұндай нәубеттер ешқашан қайталанбауы үшін одан сабақ алу өте маңызды.

Халқымыз ұлы дала өркениетінің бірегей мәдени кодын сақтап келеді. Соның арқасында біз ел тағдыры сынға түскен қатердің бәрін еңсеріп, әрдайым ар-намысымызды биік ұстай білдік. Жұртымыз ең қиын күндердің өзінде ынтымақ, гуманизм, бауырластық сияқты құндылықтардан ажыраған жоқ. Түрлі нәубеттен жапа шеккендердің бәріне көмек қолын созды. Сол себепті өзара қамқорлық, жауапкершілік, төзімділік сияқты қасиеттер ұлттық болмысымыздың сипатына айналды, — деді ол.