Сенатта денсаулық сақтау саласын реттейтін заңнаманы жетілдіру туралы заң жобасы мақұлданды


Сенаттың жалпы отырысында қаралған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау, ойын бизнесі және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мақұлданды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Сенатор Амангелді Толамисов аталған заң денсаулық сақтау және ойын бизнесі салаларына маңызды өзгерістер енгізетінін айтты.
«Денсаулық сақтау саласындағы бірқатар функциялар, оларды реттеу үшін белгіленген нормалар, енді министрліктің ереже деңгейіне ауыстырылатын болады. Бұл денсаулық сақтау қызметінің сапасын арттырып, оның басқаруын оңтайландырады. Сонымен қатар, барлық деңгейдегі басқару құзыреттерінің нақтылануы, қажетті өзгерістер мен толықтыруларды енгізу арқылы халықтың денсаулығын сақтау және әлеуметтік қорғау жұмыстарын оңтайландырады»,- деді сенатор.
Бұл заңда мүгедектігі жоқ мұқтаж азаматтарды есту аппараттарымен қамтамасыз ету, онкологиялық ауруларды ерте анықтауға скринингтік зерттеулер жүргізу секілді өте маңызды түзетулер қарастырылған.
«Сонымен қатар бұл заңмен ойын бизнесі саласына да маңызды өзгерістер енгізілуде. Мұнда, ең бастысы, букмекерлік кеңселердің жарнамасы мен құмар ойындарға қатысты нақты шектеулер мен тыйымдар енгізіліп, бас бостандығынан айырусыз сотталғандарға құмар ойындарға қатысуға тыйым салынып отыр. Бұл олардың әлеуметтік қайта бейімделуіне, қоғамға сіңісіп кетуіне үлкен көмек болады»,- деді сенатор.



