Президент жаңа Заңдарға қол қойды

Бүгін, 19:37
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Президент жаңа Заңдарға қол қойды
Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды, деп хабарлады Elordainfo.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Түзетулердің бірінші блогында Қазақстан тауар өндірушілер тізілімі (бұдан әрі – Тізілім) енгізілді. «Электрондық үкіметтің» ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым нысаны ретінде жұмыс істейтін тізілімде отандық тауар өндірушілер мен олар өндіретін тауарлар туралы мәліметтер қамтылады. Тізілімге енгізілген тауар өндірушілерге мемлекеттік қолдау шаралары қолжетімді болады. Сондай-ақ олар мемлекет сатып алулар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуларына қатыса алады. 

Тізілімнің қолданысқа енуіне байланысты бұрын тауардың шығу тегін растау үшін пайдаланылған СТ-KZ және индустриялық сертификаттарын, сондай-ақ сараптама актісін беру кезінде тәртіпті бұзғаны үшін белгіленетін әкімшілік жауапкершілік заңнамадан алынып тасталды.

Түзетулердің екінші блогы елішілік құндылықтар институтын одан әрі жетілдіруге бағытталған. Осы мақсатта Үкімет бекітетін қағидаларға сәйкес, ірі тапсырыс берушілерге ел ішіндегі құндылықтарды дамыту бағдарламаларын бекіту және іске асыру міндеті жүктеледі. 

Өнеркәсіпті дамыту үшін келісімшарттыңжаңа түрі – кепілдендірілген сатып алу келісімшарты енгізілді. Бұл шартқа сәйкес өңдеуші кәсіпорын өзінің өндіріс алаңында өндірілген тауарлардың кепілді көлемін ұзақ мерзімді негізде жеткізіп беруге міндеттенеді.

Түзетулердің үшінші блогы кодтар мен атауларды жүйелеу арқылы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді жіктеудің бірыңғай жүйесін қамтамасыз ететін Тауарлардың, жұмыстардың және көрсетілетін қызметтердің жалпы сыныптауышын (бұдан әрі – ТЖКҚЖС) енгізуді және жүргізуді көздейді.

ТЖКҚЖС-ны енгізудің негізгі оң әсерлері мынадай: барлық жіктеуіш біріздендіреледі; бүкіл саладағы тауарлар мен қызметтердің түрлері, сипаттамалары барынша нақтыланады; тауар айналымын қадағалауға мүмкіндік туады; бірыңғай номенклатура түзіледі; тауарлардың қадағалануын дұрыс жіктеуге және түпкілікті сәйкестендіруге; көлеңкелі экономиканы мейлінше азайтуға мүмкіндік пайда болады. 

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

Мемлекет басшысы «2007 жылғы 26 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы арасындағы Хатшылықтың Қазақстан Республикасының аумағында болуы шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Алматы қаласында Америка Құрама Штаттарының консулдық мекемесінің үй-жайларын салу үшін Америка Құрама Штаттарының Үкіметіне жер учаскесін жалға беру туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды 

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.