Президент саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды

31 мамыр, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Президент саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды
Фото: akorda.kz

Бүгін – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «АЛЖИР» саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының мемориалды-мұражай кешеніне барып, гүл шоғын қойды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мемлекет басшысы боздақтардың рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды.

«Біз жыл сайын 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Зұлмат заманда қаза болған жандардың рухына тағзым етеміз. Өткен ғасырда Кеңес Одағына қарасты көптеген халық талай қиындықты бастан өткерді. Соның ішінде қазақ елі де зобалаң жылдардың тауқыметін тартты. Күшпен ұжымдастыру науқаны кезінде мал-мүлкінен айырылды. Жұртымыз алапат аштықтан қынадай қырылды, көп адам жан сауғалап, шетел асып кетуге мәжбүр болды. Сталиндік репрессия кезінде ұлтымыздың зиялылары, білімді, көзі ашық азаматтар жаппай қудаланды. Мыңдаған адам халық жауы атанып, аяусыз азапталды, сотсыз атылды. Ұлтымыз аз ғана уақыт ішінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров сияқты мыңдаған ең асыл перзенттерінен айырылды», - деді Президент.

«Қазақстан аумағында ГУЛАГ жүйесінің 11 лагері орналасты. «АЛЖИР» де – дәл сондай қасіретті жердің бірі. Мұнда жазықсыз жала жабылған 8 мыңға жуық әйел қамауда отырып шыққан. Олардың арасында Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Темірбек Жүргенов, Бейімбет Майлин, Санжар Асфендияров сынды әйгілі тұлғалардың жұбайлары бар. АЛЖИР азабын көрген жандардың ұрпақтары қазір ортамызда отыр. Саяси қуғын-сүргін – тек қазақ халқының басына түскен зобалаң емес. Мысалы, АЛЖИР-де алпыстан астам этнос өкілдері қамауда болды. Сондықтан сол қасіретті дәуірдің құрбаны болған, зардабын тартқан жұрттың бәрі осы нәубеттерден сабақ алуы керек. Мұндай кесапат ешқашан қайталанбауға тиіс. Ал қазіргі тарихи заманда бұл тек өзімізге ғана байланысты. Ұлт жылнамасындағы қаралы кезеңдерді жадымызда жаңғыртудың түпкі мәні осында», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.