Ұлы дала мен ұлы Қытай арасындағы рухани-мәдени байланыс ешқашан үзілген емес – Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, сапар барысында Қытай тарапы қазақ делегациясына ерекше көңіл бөліп, ыстық ықыласы мен қонақжайлығын көрсетті.
– Ресми сапарым ойдағыдай, табысты өтті деп санаймын. Біз Төраға Си Цзиньпин мырзамен мазмұнды және өте тиімді келіссөздер жүргіздік. Біз қос елдің әр саладағы ынтымақтастығы бойынша ортақ келісімге келдік. Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың болашағы жарқын болатынына зор сенім білдірдік, – деді Президент.
Мемлекет басшысы қазіргі таңда Қазақстан экономикасы жақсы қарқынмен өсіп келе жатқанын айтты.
– Біз ірі экономикалық жобаларды жүзеге асырып жатырмыз. Биыл жалпы ішкі өнімді 300 миллиард долларға жеткізуді көздеп отырмыз. Көлік-логистика, ауыл шаруашылығы, энергетика, өңдеу өнеркәсібі, жасанды интеллект салаларына басымдық береміз. Осы ауқымды міндеттерді орындау үшін біз Қытай елімен ықпалдастықты дамытуға мүдделіміз. Ұлы дала мен Ұлы Қытай арасындағы рухани-мәдени байланыс ешқашан үзілген емес. Оны жалғастыра беру – аса маңызды міндет. Ұлттық мәдениет орталығы бұл істе айрықша рөл атқарады деп ойлаймын. Мұнда халқымыздың бай мұрасы мен салт-дәстүрі насихатталады. Сондай-ақ осы жерде екі елдің жастары озық білім игеру, жасампаз идеяларымен алмасу үшін кездесіп тұрады, – деді Президент.
Мемлекет басшысының пікірінше, руханият – әр халықтың дүниетанымы, болмысы, ішкі әлемінің көрінісі. Сондықтан төл мәдениетімізді дәріптейтін бұл рухани орда қазақ пен қытайдың өзара құрметі мен татулығын арттыра түсері сөзсіз.
– Қытайда ежелден айтылатын нақыл сөз бар: «Жалғыз ашқан гүл көктем болмайды, көктем барлық гүлдер құлпырғанда келеді». Әр алуан мәдениет, идея және өркениет тек өзара алмасу мен үйлесімді өмір сүру арқылы адамзат қоғамын өркендетеді және дамытады. Бүгін Бейжіңде Қазақ мәдени орталығының ашылуы – осы ұғымдардың жарқын көрінісі, – деді Президент.
Мемлекет басшысы ҚХР мәдениет және туризм министрі Сунь Елимен бірге Мәдениет орталығын аралап көрді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа кітапхана, қазақ тілі, музыка және шығармашылық кабинеттері таныстырылды. Көрме залына Қазақстанның ежелгі сақ дәуірінен бастап XX ғасырдың бас кезіне дейінгі тарихынан сыр шертетін экспонаттар мен артефактілер қойылған.
Экспозиция археологияға, зергерлік бұйымдарға, қару-жарақ жасау өнеріне, ұлт аспаптарына және этнографияға арналған бес бөлімнен тұрады. Орталықтың кітапхана қорында қазақ, қытай, ағылшын және орыс тілдеріндегі мыңға жуық кітап бар.



