Биыл елімізде маңызды оқиғалар мен оң өзгерістер көп болды
Мемлекет басшысының «Ana tili» газетіне берген сұхбаты өте ауқымды, терең болған екен. Бұл жерде, ең әуелі, Президентімізді ел басқарудағы тәжірибесі мол, рухани әлемі бай, ақылды, парасатты, дана адам ретінде көреміз. Сонымен қатар Мемлекет басшысының еліміздегі күрмеуі қиын мәселелердің шешімін табудың жолын іздестіріп отырғанын айқын аңғарамыз. Жыл басындағы Президент сұхбаты туралы Астана қаласындағы 2-ші Балалар ауруханасының директоры Гүлнар Құлышева осылайша пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Ел басқару, халық басқару - оңай емес. Қазіргі кезде біздің елімізде барлық жағдай жасалған. Бас қаланың өзін алсақ та, қаншама жақсы жаңалықтар, оң өзгерістер болып жатыр! Оның ішінде денсаулық саласын алсақ, бұл салада да өзекті мәселелер шешіліп жатыр. Барлық керекті құрал-жабдықтармен қамтылған жаңа ауруханалар мен емханалар тұрғылықты халықтың аяғы жететін жерге салынып, ел-жұрттың дер кезінде сапалы медициналық көмек алуына мүмкіндік туғызылып отыр», - деді ол.
Оның пайымдауынша, Үкімет қаншалықты халықтың мұқтажы болса, соны шешуге бар күшін салып жатыр.
«Астана қаласы әкімдігінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі, ана, дәрігер ретінде менің көзіме соншалықты ыстық көрінгені – Президентіміздің әйелдердің құқығын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған заң қабылданғанына тоқталғаны. Бұл құжат бойынша әйелдер мен балаларға тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткендерге заң күшейтілгені белгілі. Бүгінде зорлық пен қорлық көрген әйелдер, балалар мен жасөспірімдер көбейіп кеткенін көріп отырмыз. Ал сол әлсізге жәбір, күш көрсетушілерге нақты заңнама жазылғаны көңілге қонымды. Заң қатайып, жаза күшейтілсе, мұндай қылмыстардың қатары да азаяр деген үміттеміз», - деді Г.Құлышева.
Ол сондай-ақ Президенттің тіл мәселесіне тоқталғанын айтып, ана тілінің өрісін кеңейтуде әркім өзінен бастағаны дұрыс екенін тілге тиек етті.
«Президентіміз болашағын ойлаған адам өз отбасында, жұмысында ана тілінде сөйлеуді бастағаны жөн екенін, алайда көпшілікке кінә арту дұрыс емес екенін айтты. Меніңше, Президентіміздің айтып отырғаны дұрыс. Ана тілімізді қорғағымыз келсе, оны әуелі өзімізден бастауымыз керек», - деді ол.
Ол кез келген адамның жеке мәселесін Үкіметке ысыра салу қате тенденция екенін, жалпы қандай мәселеде де әркім өз шаңырағындағы ахуалды түзеуге күш-жігерін салуы тиіс екенін айтты.
«Елімізде соңғы жылдары қаншама инфрақұрылым жаңартылып, әлеуметтік маңызы бар нысандар салынып, заңдар қабылданып, түрлі ауқымды мәселелер шешіліп жатыр. Президентіміздің өзі айтқандай, мұның барлығы - халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсарту үшін жасалып жатқан қадамдар. Жан-жақта соғыс болып жатқанда еліміздегі тыныштықтың өзі бір баға жетпес байлық емес пе! Осылардың бәрін көре білуіміз, көрсете білуіміз керек. Ал сынайтын адамға айтатын нәрсе табыла береді. Керісінше әр отандасымыз жұмған жұдырықтай болып, еліміздің іргесі берік, экономикасы мығым болуы үшін өз үлесін қосуға тырысуы керек деп ойлаймын», - деді спикер.