Мемлекеттік органдар шынайы сын-қатерлермен жұмыс істеуі тиіс – Нұрлан Байтілесов


Мәжіліс депутаты Нұрлан Байтілесов Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында көтерілген мәселелерге пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Астанада өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Мемлекет басшысы бұл ұйымның қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтудағы маңызын тағы бір мәрте атап өтті. 30 жыл ішінде Ассамблея кеңесші органнан Конституциялық мәртебесі бар толыққанды институтқа дейін өсіп, әртүрлі этностық қауымдастықтардың бірлігін сақтауға айтарлықтай үлес қосты. 2022 жылғы реформалар ҚХА-ға мемлекеттік органдардың маңызды серіктесі болуға мүмкіндік беріп, ұлттық және қоғамдық деңгейдегі мәселелерді талқылауға арналған алаң ұсынды.
Депутат ҚХА-ның еліміздегі өзекті мәселелерді шешудегі рөліне тоқталды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы 4 мыңнан астам қоғамдық ұйым арқылы белсенді жұмыс жүргізіп, ел үшін өзекті мәселелерді шешуге азаматтарды жұмылдырып келеді. Ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, студенттік Ассамблея сынды бастамалар патриотизм мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. Сонымен қатар қоғамдық бастамаларды дамытып, жұмысшы мамандықтар жылын өткізуге қолдау білдіріп, елдің этномәдени ахуалына үлкен ықпал етіп келеді.
Мемлекет басшысы жалпы үйлесімділік үшін барлық этностық топтарды теңдік пен мәдени дәстүрге құрмет қағидаттары негізінде біріктіру қажет екенін атап өтті. Мемлекеттік органдар популистік шешімдерден аулақ болып, шынайы сын-қатерлермен жұмыс істеуі тиіс. Бұл әрекеттер мәдени әртүрлілікті сақтауға ғана емес, еңбекқорлық пен кәсібилікті Қазақстандағы бейбіт өмір сүру үлгісінің басты құндылығы ретінде дамытуға бағытталған», - деді Нұрлан Байтілесов.



