Адамбек Кендебай: Қазақстан халқы Ассамблеясы – ел бірлігінің тұғыры


Астана қаласы мәслихаты депутаты Адамбек Кендебай Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында айтылған маңызды мәселелерге қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті XXXIV сессиясы – еліміздің бірлігі мен тұрақтылығын сақтаудағы маңызды қадам болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен өткен бұл сессияда елдің қоғамдық-саяси дамуына қатысты бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Әсіресе, этносаралық келісімді сақтау, жастардың тәрбиесі, тіл саясаты және әлеуметтік әділеттілік бағыттарындағы бастамалары - барша қоғам үшін айқын бағдар бола алады.
Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы бірлік пен татулықтың тұғырына айналды. Астана қаласының өзінде 70-тен астам этнос пен этникалық топ өкілдері бейбіт өмір сүріп, еңбек етуде. Осы этностық әралуандық жағдайында Қазақстан халқы Ассамблеясының қалалық құрылымы ұлтаралық келісімді нығайту, толеранттылық мәдениетін дамыту және бейбіт қатар өмір сүру қағидаттарын ілгерілету бағытында маңызды рөл атқарып отыр», - деді А.Кендебай.
Депутаттың айтуынша, Астана қаласы ҚХА құрамында 23 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Ал қала әкімдігі мен мәслихат бірлесіп, Ассамблея мүшелері үшін тұрақты кері байланыс жүйесін енгізіп, өңірлік деңгейде этносаралық татулықты нығайтуға бағытталған жобаларына қолдау көрсетуде. Оның ішінде, қоғамдық келісім кеңесі, аналар кеңесі, ғылыми-сараптамалық топ, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының қалалық штабы, журналистер клубы мен ақсақалдар кеңесі сияқты қоғамдық құрылымдар бар.
«Этномәдени бірлестіктердің белсенді жұмысының арқасында елімізде 1000-нан астам ұйым түрлі мәдени бағдарламалар арқылы өзара түсіністік пен қоғамдық келісімді нығайтып келеді. «Достық үйі» этностар, азаматтық қоғам мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы тиімді диалог алаңы ретінде қалыптасты. Өткен жылы 150 ден астам ірі әртүрлі іс-шаралар өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясы ел бірлігі мен қоғамдық келісімді одан әрі нығайтуға серпін берген маңызды оқиға. Этностық әралуандықты байлығымызға айналдыра отырып, бейбітшілік пен өзара түсіністікті сақтау - барша қазақстандықтардың ортақ міндеті. Бұл жолда Астана қаласындағы Ассамблея құрылымдарының белсенді жұмысы мен депутаттардың, азаматтық қоғамның қолдауы - болашақта да тұрақтылықтың, татулықтың және дамудың мызғымас негізі бола беретіні сөзсіз», - деді ол.



