Мемлекет басшысы ҚХА төрағасының жаңа орынбасарларын қабылдады

17 сәуір, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Мемлекет басшысы ҚХА төрағасының жаңа орынбасарларын қабылдады
Фото: akorda.kz

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының жаңадан тағайындалған орынбасарлары Дмитрий Останькович пен Расул Ахметовті қабылдап, қызметтеріне табыс тіледі, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Президент қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік саясатты жүзеге асыру ісінде ҚХА ерекше рөл атқаратынын атап өтті.

Кездесу барысында Президентке Ассамблеяның алдағы XXXIV сессиясына дайындық барысы және аталған институттың 30 жылдығы аясында өткізілетін іс-шаралар туралы ақпарат берілді.

Мемлекет басшысы мерейтойлық іс-шараларды ұйымдастыруға Ассамблеяның барлық этномәдени бірлестіктері мен қоғамдық құрылымдарын кеңінен тарту маңызды екеніне назар аударды.

Кездесу соңында Президент этносаралық қатынастарды одан әрі жетілдіру бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА төрағасының жаңа орынбасарларын тағайындаған болатын.